Түркістан облысында 19 мыңға жуық түлек ҰБТ тапсыруға өтініш берген

123
ҰБТ

Түркістан облысында Ұлттық бірыңғай тестілеу науқанының мерзімі ұзаруы мүмкін. Яғни, сынақ өтетін уақыт 20-маусым мен 5-шілде аралығы деп бекітілгенімен, «ковид-19» пандемиясынан сақтану үшін арнайы қауіпсіздік шаралары қолға алынбақ.

Түркістан облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Ардақ Садықованың айтуынша, тестілеуге кірерде ара-қашықтық сақтау мен антисептик қолданудың өзі уақыт алады. Одан бөлек, аудиториялардағы түлектер саны да арнайы тәртіп бойынша жайғастырылады. Бұған дейін 100 шәкірт отырса, енді оның санын әдеттегіден азайту көзделіп отыр. Сондай-ақ, шалғай ауыл-аудандардан келіп, білім сынағына қатысушы оқушылар үшін де бар жағдай жасалмақ екен.

Ардақ Садықова, Түркістан облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасы басшысының орынбасары:»Облыс бойынша шалғай ауылдарда тұратын 11 200 оқушыны ҰБТ өткізу орындарына тасымалдау үшін жергілікті бюджеттен 16 млн. 372 мың теңге қаржы қаралды. Сонымен қатар, инфекцияның таралуына жол бермеу мақсатында тестілеу кезінде және тасымалдау барысында алдын-ала дезинфекциялау жұмыстары жүргізіліп, барлық санитарлық талаптар сақталатын болады».

Биыл Түркістан облысы бойынша 24 658 түлек мектеп бітіреді. Оның 18 631-і ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысу үшін ниет білдірген. Ал «Алтын белгі» алушы түлектер саны – 1550 -ге жетті.

Үздіктер мен өзге де оқушыларға қорытынды емтихан тапсырмағанымен, аттестат беріледі. Оны тапсыру рәсімі 3-4-маусым күндерге бекітілген. Бірақ, мектеп бітіру кешінің өтуіне қатаң тыйым салынып отыр.

Мөлдір Бекеева