Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет істері Агенттігінің бастамасы негізінде, Шымкент қаласы бойынша мемлекеттік қызмет істері Департаментімен әзірленген бейнероликте «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымына орналасуға арналған конкурс қағидаларына енгізілген өзгерістермен қоса, азаматтардың мемлекеттік қызметке орналасуға арналған тестті тапсыруының жаңа ережелері көрсетілген.
Жаңа ережеге сәйкес, мемлекеттік қызметке орналасуға арналған тестте белгіленген межеден төмен балл жинаған азаматтар отыз күн емес, енді он бес күннен соң қайта тапсыру мүмкіндігіне ие болды.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы аумағында орнаған төтенше жағдай кезінде азаматтардың мемлекеттік тесттен өткенін растайтын сертификаттары мен жеке қасиеттерін бағалау қорытындыларының жарамдылық мерзімі тоқтатылып, төтенше жағдай мерзіміне ұзартылатын болады.
Сондай-ақ, мемлекеттік әкімшілік қызметке орналасуға арналған конкурсқа және әңгімелесу рәсіміне үміткер өзінің қалауы бойынша қашықтықтан, яғни, бейнебайланыс құралдары арқылы қатыса алады. Ол дегеніміз, кез келген азамат конкурсқа қатысу үшін құжаттарды мемлекеттік органға өзі апаруы шарт емес, тек мемлекеттік органның электрондық поштасына жолдаса болғаны.
Енді конкурсқа қатысу үшін үміткерлер өз өтінішіне тек екі құжатты қоса тапсыратын болады: дипломының және қызметтік тізімінің көшірмесі. Ал, қалған құжаттардың толық тізімін конкурстық комиссияның оң қорытындысын алған үміткер ғана өткізетін болады.
Бұдан бөлек, бос лауазымға конкурстық комиссияның шешімі бойынша ең көп балл жинаған үміткер орналасатын болады. Яғни, қойылатын баллдар үміткердің жауаптарының дұрыстығын және коммуникативтік дағдыларын ескере отырып қойылатын болады.
Бейнеролик азаматтардың мемлекеттік қызметке орналасу тәртібі жайлы түсініктерін кеңейтіп, мемлекеттік қызметке орналасуға деген құлшыныстарын арттыру мақсатын көздейді.