Келестік тұрғындар заңсыз құрылысқа қарсы

141

Күні бойы көлеңкеде тұратын бұл ауыр техника тек кеш батқанда іске қосылады. Осылай деген Түркістан облысы Келес ауданының тұрғындары оның жұмысына да күмәнмен қарайды. Сөздерінше, бұл маңда басталған құрылыс заңсыз. Сондықтан да күнұзағына қосылмайтын техника тірлікке тек күн батқанда кіріседі.

Леспек Ергешов, Түркістан облысы, Келес ауданы, Леспек ауылының тұрғыны: «Ауыл шетіндегі топырақ тасу процесі түнде басталады. Техниканың гүрілдеген дауысы ұйқы бермейді. Берекені қашырып бітті. Бұлар не үшін жұмысын түнде бастайды? Демек бастаған жұмыстары заңсыз. Шаң тозаңнан шаршадық. Топырақты Камаздап тасимын деп айналаның быт- шытын шығарды».

Тұрғындар мен ауыл шетіндегі «қонақтар» арасындағы кикілжің тұңғыш рет дауға ұласып тұрған жоқ. Тіпті берекені қашырған құрылысты олар видеоға да түсіріп алған. Осылайша жұрт заңсыздықты әкімдікке дәлелдемек болыпты. Алайда, жауаптылар бұл бассыздыққа әлі күнге дейін тосқауыл қоя алмай келеді.

Сүлеймен Жылқыбаев, Түркістан облысы, Келес ауданы, Ақтөбе аулының тұрғыны: «Біз заңсыз жұмыстың жүріп жатқанын айтып әкімдікке де бардық. Бірақ өзгерген ештеңе жоқ. Бәрі баяғыдай түнде қызу жұмысқа кіріседі. «Қой дейтін қожа, әй дейтін ажа» болмай тұр. Қашан бітеді мынаның бәрі?».

Ал, түсірілім тобына тірлігін түнде бастайтындарды табу қиынға соққан жоқ. Тұрғындар, құқық қорғау қызметкерлері мен әкім жиналған жерге құрылыс иесінің өзі келді. Сүттен ақ, судан тазамын деген ол жұмысын жұрт келісімін алып істеп жүргенін айтады.

Мұрат Өтембаев, Түркістан облысы, Келес ауданы, Ғани Мұратбаев аулының тұрғыны: «Мен бұл кісілермен келістім. Топырақ төгіп бер дейді. Өздерінің шарттары бар. Орындадым. Тағы да дегесін ашуланғаным бар енді».

Ал, шындыққа жете алмай жүрміз деген тұрғындар келген қожайынды бұрын-соңды көрмедік дейді. Осыдан кейін полицейлер арнайы техникаларды айып тұрағына әкетті. Жыл басынан бері мұндай заңсыз әрекеттің 6-уын әшкереледік деген олар қылмыстық істің 4-уін жауып үлгеріпті. Бұған келтірген зияның аздығы себеп болған. Бірақ, шығынның қанша болу керектігі айтылған жоқ.

Назерке Үкібасова