Úı ANONS Түркістандағы аурухана құрылысы биыл аяқталады

Түркістандағы аурухана құрылысы биыл аяқталады

Нұралхан Көшеров түркиялық YDA Holding компаниясының басшысымен кездесіп, өңірдегі ірі инвестициялық жобаларды талқылады. Компания басшысын ауыл шаруашылық саласына да көңіл бөлуге шақырды. Ал бұған дейін салған және құрылысы аяқталуға жақын көпсалалы аурухана үшін алғыс білдірді. Түркістандағы жаңа жобалар туралы толығырақ алдағы сюжетте.

 

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров түркиялық «YDA Holding» компаниясының басқарма төрағасы Хусейн Арсланмен кездесті. Компания аймаққа инвестиция салғанымен белгілі. Айталық, халықаралық Түркістан әуежайын салған. Ал  дәл қазір Түркістанда 570 орындық аурухананың құрылысы жүріп жатыр. Аурухананы биыл бітіріп, пайдалануға беру көзделген. Кездесуде осындай  инвестициялық жобалар және екіжақты ынтымақтастықты кеңейту мәселелері талқыланды.

 

Облыс әкімі өңірде инвесторларға қолайлы жағдай жасалғанын атап өтіп, шетелдік серіктестермен бірлескен жобаларды жүзеге асыруға мүдделі екенін жеткізді. Ал Хусейн Арслан алдағы уақытта да бірлескен бастамаларды қолдауға ниетті екенін білдірді.

ХУСЕЙН АРСЛАН, «YDA HOLDING» КОМПАНИЯСЫНЫҢ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ: «Сіздерді халықаралық саммитті жоғары деңгейде өткізгендеріңізбен құттықтаймын. Түркістан өз тарихи миссиясын атқарып жатыр. Түркістан қаласы Түркі мемлекеттерінің рухани астанасы екендігі бәрімізге мәлім. Сонымен қатар Қожа Ахмет Ясауидің кесенесінің болуы бөлек тақырып.  Түркістанның ескі кезін де, қазіргі жаңа кейпін де көргенмін. Шаһардың дамуы ерекше қуантады. Инвестициялық жобаларды талқылауға дайынбыз».

 

Түркістанда компания салып жатқан көпбейінді аурухана құрылысына 15,6 га жер телімі бөлінген. Құрылысы – 2020 жылы асталған. Аталған жобаны сатып алу бойынша Денсаулық сақтау министрлігі мен мүдделі тараптар арасында келісім жасалған.

Дилара Иса