Шымкентте жезөкшелер мен олардың жеңгетайлары ұсталды

995

Шымкентте жеңілдетілген карантин режимі жалғасып жатса да, жезөкшелердің «жұмысы» тыйылмай тұр. Үшінші мегапололисте жеңіл жүрісті қыздар мен жеңгетайлықпен айналысатын төрт әйел ұсталды. Бұл жәйтті Полиция департаменті Криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері арнайы рейд кезінде анықтады.

Іс-шара барысында Республика даңғылы бойында жеңгетайлықпен айналысатын екі әйел адам жеңіл жүрісті қыздардың қызметін ер адамдарға ұдайы ұсынып, оларды Айбергенов көшесі №7а үйдің 12 пәтерде болған жезөкшелікпен айналысатын төрт қызбен кездестіргені де анықталып отыр.

Дәулет Абдраманов, Шымкент қаласы ПД тергеу басқармасының бастығы:»Аталған жайт бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 309-бабы 1-бөлігімен (жезөкшелiкпен айналысуға арналған притондар ұйымдастыру немесе оларды ұстау, сол сияқты пайдакүнемдiк мақсаттағы жеңгетайлық) сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталды. Бір жеңгетай және төрт жеңіл жүрісті қыздар полицияға жеткізіліп, тіркеуге алынды. Екінші жеңгетайдын жеке басын анықтауға және оны ұстауға бағытталған жедел іздестіру іс-шаралары полиция тарапынан жүргізіліп жатыр».

Айта кетейік, жыл басынан қала аумағында осыған ұқсас қылмыстың 12 жәйті анықталған. Олардың жетеуі — моншада, үшеуі — массаж салонында және екеуі — жалдамалы пәтерлерде орын алған еді.

Мөлдір Бекеева