Түркістан облысы полицейлері «Қарасора» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында 6 есірткі алқабын анықтады
Естеріңізге сала кетейік, ағымдағы жылдың 1 маусымынан 31 қазанына дейін Түркістан облысының аумағында кең ауқымды «Қарасора» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде. Оның негізгі мақсаты есірткінің заңсыз айналымына байланысты қылмыстарды анықтау және жолын кесу, құрамында есірткі бар өсімдіктердің егісін анықтау және жою, есірткі трафигінің жолын кесу, есірткіні сақтаумен және сатумен айналысатын адамдар мен ұйымдасқан қылмыстық топтарды ұстау бойынша мүдделі органдармен және ведомстволармен өзара іс-қимыл жасау болып табылады.
Осылайша, Түркістан облысы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері ҚР ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаментімен бірлесе отырып, шекара маңындағы аумақтарды, таулы және жазық жерлерді, сондай-ақ өзендердің жағалауларын аралап шықты. Отырар ауданының аумағында жүргізілген іс-шаралар нәтижесінде, Маятас ауылынан 10 шақырым жерде полиция қызметкерлері 30 ш.м-ге егілген қарасора есірткі затын анықтады. Жедел уәкілдер заттай дәлелдемелер ретінде құрамында есірткі бар 1200 түп өсімдікті алып, сараптамаға жіберді.
Тәртіп сақшылары жедел-іздестіру іс-шарасы барысында Түркістан қаласының тұрғынын ұстады. Ұсталған күдіктінің үйін тінту кезінде одан құрамында есірткі бар қарасора өсімдігінің ұрығы, таразы және басқа да айғақты заттар тәркіленді.
Аталған жайт бойынша ҚР ҚК-нің 300 бабы 2 бөлімі «Құрамында есірткі заттары бар өсіруге тыйым салынған өсімдіктерді заңсыз өсіру» бойынша тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Одан бөлек, «Қарасора» жедел-профилактикалық іс-шара барысында Түркістан облысының полицейлері құрамында есірткі заттары бар өсіруге тыйым салынған 5 егістікті тауып, жойды. Соның нәтижесінде жедел уәкілдер есірткі егетіндерден құрамында есірткісі бар 1000-нан астам түп сора өсімдігін тәркіледі.