Қызметінде қырағы капитан

131

 

Полиция қызметкері болу жоғары білім мен біліктілікті талап етеді. Қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алу үшін қырағылықта аса қажет. Сабыр, төзім және қажыр-қайрат керек. Шапшаңдық пен жылдамдық, тез шешім қабылдап, жылдам әрекет ете білу қабілеті полицейге қажетті басты қасиеттердің қатарында. Ұстамды болуы, азаматтармен тіл табыса білуі, сыпайы болуы да аса маңызды.

Бүгінгі мақаламыздың кейіпкері Арыс қалалық полиция бөлімінің қызметкері Ерлан Ишанов осындай болмыстың иесі.

Арыс қаласында дүниеге келген бозбала мектепті бітірген соң, Отан алдындағы борышын өтеу үшін әскер қатарына қабылданады. Одан соң, Шымкенттегі «Отырар» университетінде жоғары білім алып, «Заңгер» мамандығын меңгерген. Еңбек жолын күзет қызметінен бастаған ол, кейіннен ювенальды полиция бөлімінде абыройлы еңбек етті. Ал, бүгінде учаскелік полиция қызметкері.

Ерлан Дүйсенбайұлына бекітілген аумақта 3000 астам үй бар. Тәртіп сақшысы барлық көшені аралап, қоғамдық тәртіпті сақтау бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Тұрмыстық зорлық- зомбылықтың алдын алу, қылмысты болдырмау, сотты болғандарды қадағалау секілді жұмыстарды атқарады.

Әкімшілік аумағында, жалпы қызмет барысында орын алатын құқық бұзушылықпен және қылмыстармен күреседі.

– Маусым айының 3 күні Арыс қаласының тұрғыны тонау жайты бойынша Арыс АПБ-не арызданды. Жәбірленушінің айтуынша, ол орталық базардағы дүкенін ашып, ішін тазалап жатқанында белгісіз азамат дүкен сыртында тұрған 7 дана әмияны мен 1 үлкен қол сөмкесін көзінше тонап кеткен.

Аталған жайт Арыс АПБ-нің СДТТБТ-не ҚР ҚК-нің 191-бабы «Тонау» бабымен тіркеуге алынды. Тез арада бізге хабар берілді. Оқиға орнына дереу бардым. Жедел-іздестіру әрекетінің нәтижесінде, жарты сағат ішінде күдікті анықталып ұсталды. Ол бұрында «тонаумен» сотты болған, Шымкент қаласының тұрғыны болып шықты. Айғақты зат ретінде әмияндар мен сөмке тәркіленіп алынып, заңды иесіне тапсырылды. Қазір күдіктінің бас шарасы «қолхатта» – дейді полиция капитаны.

Арыс қалалық полиция бөлімінің жеке құрамы өткен жылы Арыс қаласында орын алған төтенше жағдай тұсында халықтың қасынан табыла білді. Солардың ішінде Ерланда көпшілікті қауіпсіз жерге көшіру, көмек беру жұмыстарын жүргізді.

– Тұрғындарды эвкуациялау жұмыстарын жүргіздік. Көліктің ішінде адам көп болатын. Жолда сәбиін құшақтап жаяу жүгіріп бара жатқан келіншекті көрдік. Көліктер тоқтап жатқан жоқ. Біз тоқтап, өзімізбен бірге алып кеттік. Кейіннен сол азаматша телефоныма хабарласып рахметін айтты – дейді полиция каптианы.

Ерлан Дүйсенбайұлы бос уақытында спортпен шұғылданады. Жас күнінен жанына серік еткен бокс қолғаптарын киіп, жаттығу жасайды. Мектеп оқып жүргенде облыс, тіпті республикалық жарыстардан жүлдемен оралған ол, бүгінге дейін спортты тастаған емес.

Ал, кәсіби мерекелер қарсаңында сахнаға шығып, өнерімен көпшілікті тәнтті ететіні бар. Биылғы жылы полиция қызметкерлері арасында өткен көңілді тапқырлар сайысынан бірінші орынды жеңіп алды.

– Тәртіп сақшысының қызметіне деген адалдығы, жауапкершілігі бір төбе болуы керек. Бұл құндылық әрбір полиция қызметкерінің бойынан табылуы тиіс – деп біледі ол.