Ауласында сора егіп, марихуана сақтаған тұрғын ұсталды

213

Түркістан облысы полицейлері ауласында сора егіп, марихуана сақтаған тұрғынды анықтады

Келес АПБ-нің кезекші бөліміне жергілікті тұрғын хабарласып, таныстарының бірі ауласында есірткі затына ұқсас зат өсіруі мүмкін екенін жеткізді. Аталған жайт Келес АПБ-не тіркелді. Көрсетілген мекен-жайға тез арада жеткен тәжірибелі тәртіп сақшылары тұрғын-үй ауласын тексеру барысында, аса ірі мөлшердегі есірткі заттарын өткізу мақсатынсыз заңсыз сақтап, өсіруге тыйым салынған сора өсімдіктерін еккенін анықтады. Осылайша тұрғынның ауласынан 30 түп «сора» есірткі затына ұқсас өсімдік заты мен «марихуана» есірткі затына ұқсас айғақты заттар табылып, тәркілеп алынды.

Сараптама тағайындалды. Сот-сараптаманың қорытындысы бойынша зерттеуге ұсынылған 30 түп өсімдік «сора» болып шықты. Ал сақталған есірткі құралының бір бөлігі жалпы салмағы 2,5 кг құрайтын кептірілмеген марихуана болса, келесісі 1,9 кг болатын кептірілген марихуана екені анықталды.

Аталған оқиға дерегі ҚР ҚК-нің 296-бабымен «Есірткі, психотроптық заттармен, сол тектестермен, прекурсорлармен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу» және 300-бап «Құрамында есiрткi заттар бар, өсiруге тыйым салынған өсiмдiктердi заңсыз егіп-өсіру» бойынша тіркеліп, сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Өз кінәсін мойындаған күдікті қамауға алынды. Полицейлер күдіктінің есірткіні қандай мақсатпен сақтағанын анықтауда. Осылайша қылмыстың алдын алуда ауқымды жұмыстар атқарылуда.

Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері азаматтардың жат әдеттерден сақтанып, спортпен айналысып, салауатты өмір салтын ұстануы керектігін ескертеді. Ал, денсаулығына зиян келтіретін заттарды (ішімдік, есірткі, құмар ойындар) қолданып, өз өмірімен қатар қоғамға да кесірін тигізеді. Сондай-ақ, заң алдында әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартылады.

Полиция.кз