«Өмірдің өзі…» атты айдарды үзбей оқып тұрамын. Бірінен ой түйсек, бірінен жиренесің. Бәрінен де өмірлік сабақ алуға болады», — деп бастапты бір оқырманымыз, — Үлкеннің батасын алу, ақ баталы болу үшін барынша кішіпейіл болуға талпыну керек қой. Алайда бүгінде бейпіл ауыз, кесірлі, кесапат келіндерді көргенде … айтарға сөзім жоқ. Сондықтан да оқырманға ой салар деген оймен өмірдің өзінен алынған мына бір оқиғаны жолдап отырмын.
… Ауылымыз кішкене ғана. Аяғында тұрып, айқайласаң бас жақта тұратын адам дауысыңды есітердей. Ауылдастардың барлығы да бірін бірі жақсы таниды. Ынтымақты ауыл тұрғындары бір біріне қарайласып, тату тұрамыз. Ақайша атты апамыз бар-тын. Дастарханды, қолы ашық, аңқылдаған ақкөңіл кісі. Екі ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірген апамыз кенжесіне келін әперіп, көңілін демдеп, екі қолын жылы суға малып отыратын шақта … басы далада қаңғырып қалғадай күйге түсті. Кенжесінің таңдауы кесапат келінге түскен екен. Бөлмесінен шықпай, таң атқаннан күн батқанша телефон шұқылайтын келіннің тілі ащы, бір сұмырай болып шықты. Қартайған кемпірді аяу жоқ, таң алагеуімде оянатын апамыз сиырын сауып, күбісін пісіп, кеш батқанша бір тынбайды. «Келін не істейді сонда?» дегендерге «қоя бер жас қой, әлі ақ түсінер» деп ауыр күрсінетін. Санасы болса түсінер, санасызға не дерсің?!
Үлкен ұлы қалада тұрады. Екі қызы тұрмыста-тын. Қай пейіліне көрінгенін, апамыздың екі қызы да тұрмыстан қайтып келді. Нағыз соғыс сол кезде басталды. Бала тауып, сәл пәл «ұяты оянған» келін үй тірлігіне қолы барған. Ауыр жұмысты кемпірге артып қойып, өзі тамақ істеп, есік алдында үйге кіріп шығып жүретін.
Бағы жанбаған қос бейбақты тілімен шағып отыратын бейауыз келін қарғыстың неше атасын үйіп төгетін. Түшкіргенің естілетін көрші үй болған соң ол үйде болып жатқан «Ұлы отан соғысына» еріксіз куә болуға тура келетін. Ынжық, мәнжубас бала әйеліне қарсы ауыз аша алмайды. Сол не айтса да заң. Шешесі байғұсқа жаны ашу деген жоқ. Кесір келін жамандай, жамандай кемпірді жалпауыз көрсетіп қойса керек.
Күйеуден қайтқан қос қызда қос қос баладан бар. Баланың баласы мен қыздың балалары ойыншыққа таласып қалса да дау. Күнде айқай, шу. Бір жолы тіпті прәндікке таласып қалған қыздың баласының үстіне ыстық шәйнекті ақтара салды келін…
Мұндай сұмдықты көрмеген басымыз Бану келінді қандай ана тапты екен деп ойға қалатынбыз. Анасын да көрдік құдалыққа. «Шешесін көріп, қызын ал…» деп атам қазақ бекер айпаған екен ғой деп бас шайқастық. Айналасындағыларды кекетіп, мұқатып, өзін паң ұстайды екен. Бану келін де шешесінің аузынан түскендей.
Кесір келін күн бермеген соң қос қыз ауыл шетіндегі бос тұрған үйге көшті. Апаның құрдастары «Басын көбейтпей тұрғанда құртсайшы мына кесір келінді…» деп талай айтты да. Бірақ жүрегі жұмсақ апа «немерелерімді қимаймын, соларға обал ғой» деп ауыр күрсінетін.
Жаздың аптап ыстығында далаға жатамыз. Апаның кейде қыстыға жылағанын естимін. Аяп кетемін өзін. Қолдан келер амал бар ма?
Ақайша апаның өмірі өстіп өксікпен өтіп жатты. Тілі зәһар келін азар берген күндері апа ауыл шетіндегі қыздарының үйіне кетіп қалады. Қаладағы келіні де келісіп тұрған жоқ. Шайпаудың бірі ол да. Анда санда ол үйге барып, ары кетсе екі күн әзер шыдап қайтып келіп қалады. Өмірі тозаққа айналған апамыз күннен күнге солып бара жатты. Ауылдас апалар барып, кесір келіннің мәселесін «май шаммен» қарамақ болған екен. Қайдан ?! Тілінің уын тамызып ақ самайлы апаларды үйінен қуып шығыпты. Адуынды бір апамыз «сені қарғыс ататын шығар, көгермессің…» деген екен Ақайша апамыз «олай айтпа, олай деме…» деп көз жасын көлдетіпті. Қайран ана жүрек – ай. Өзіне зәбір көрсетсе де баласының болашағын ойлап тұр ғой.
Өстіп жүріп келіні төрт балалы болды. Кейінгі екі баласы туғаннан аурушаң болды. Қаратпаған жері жоқ. Апармаған тәуібі жоқ. Бірақ балалары мүгедек болып қалды.
Баяғы адуынды апамыздың сөзін еске аламыз. Расында оны қарғыс атқан шығар?!..».
Айерке,