70 жастағы түркістандық әже күн сайын велосипедімен қала аралап, бидай көже сатып жүр. Бұрынғы акушер маман бүгінде адал еңбегімен нәпақасын тауып қана қоймай, салауатты өмір салтын да насихаттап келеді. Ақ кимешекті кейуананың дәмді көжесін жергілікті жұртпен бірге туристер де арнайы іздеп келіп ішеді. Түркістанның көпшілік сүйіп кеткен «бидай көже сатқан әжесі» туралы алдағы сюжетте.
Бұл – түркістандық зейнеткер Алтын Арынова. Жасы – 70-те. Күн сайын бидай көже әзірлеп, оны велосипедіне тиеп, қала көшелерін аралап сатады. Осылайша адал еңбегімен нәпақасын тауып жүр.
«Салқын бидай көже бар, көже! Көже аламыз».
Ақ кимешекті әжені түркістандықтардың көбі жақсы таниды. Оның дайындаған көжесінің дәмін татып көрмеген жан кемде-кем. Жасы ұлғайса да, қимылы ширақ зейнеткерге сүйсіне қарайтындар аз емес. Кейуана бұл кәсібі денсаулығына да, тұрмысына да оң әсерін тигізіп отырғанын айтады.
АЛТЫН АРЫНОВА, ЗЕЙНЕТКЕР: «Велосипедтің пайдасы аяғыңа пайда. Денеңнің бәріне пайда, қимылдап отырасың ғой. Бұл жердің халқы 12-01-ге дейін үзілмейді түнде. Көбінесе кешке келеді. Мен великпен айналып қай жерде кісі көп, сол жерге барып саудамды жасап жүре беремін. Еш жерім ауырмайды. Осының арқасында деп ойлаймын. Бұны айдап жүргеніме 4 жылға кетіп бара жатыр».
Алтын Арынованың негізгі мамандығы – дәрігер. Зейнетке шыққанға дейін акушер болып еңбек еткен. Ұл-қыз тәрбиелеп, немере сүйген. Кейін үйде бос отырмайын деп көже сатып, кәсіп бастаған. Бір орында тұрмай, велосипедпен қала аралауды әдетке айналдырған. Осылайша салауатты өмір салтын ұстанып, күн сайын бірнеше шақырым жол жүреді. Көже дайындауда да, сатуда да ұлы қолғабыс етеді.
БАҒЛАН ТЫНЫСБЕКҰЛЫ, АЛТЫН АРЫНОВАНЫҢ ҰЛЫ: «Анамның жағдайы Аллаға шүкір, жақсы. Күнде таңертең далаға шығып серуендеп, 2-3 шақырым жүріп қайтады. Одан кейін көже істеу басталады. Күніне 5-6 шақырым жүреді ғой велосипедпен, сауда-саттықпен. Соның арқасында ауырмайды. Денсаулығы жақсы».
Қимылы ширақ, өз кәсібіне адал ақ жаулықты әженің дәмді көжесі бүгінде жергілікті тұрғындардың ғана емес, Түркістанға келген туристердің де іздеп ішетін сусынына айналған. Көпшілік оның аппақ кимешегіне де ерекше қызыға қарайды. Ал Алтын апаның арманы – кәсібін кеңейтіп, ұлттық сусын арқылы Түркістанның туристік брендіне өз үлесін қосу.
Дилара Иса






