Úı ANONS 16 жастан асқан 156 жасөспірім жұмысқа орналасты

16 жастан асқан 156 жасөспірім жұмысқа орналасты

Шымкентте жазғы демалыс кезінде жасөспірімдерді уақытша жұмыспен қамту жұмыстары жалғасуда. Биыл маусым айында 16 жастан асқан жастарды қоғамдық жұмысқа тарту мақсатында қалалық Еңбек мобильділігі орталығына 161 мекемеден 661 бос жұмыс орны бойынша өтінім келіп түсті. Бүгінге дейін 156 жасөспірім жұмысқа орналасты.

 

16 жастағы Сүрия Нұрсұлтанқызы қоғамдық жұмыс бағдарламасы аясында Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің қабылдау бөлімінде еңбек етіп жүр. Маусым айынан бастап  жұмысқа кіріскен жасөспірім университетке құжат тапсыруға келген талапкерлерге бағыт-бағдар беріп, қажетті ақпаратпен қамтамасыз етуге көмектесуде. Оның айтуынша, бұл бағдарлама алғашқы еңбек тәжірибесін жинақтап, жаңа ортада жұмыс істеуге мүмкіндік береді.

 

СҮРИЯ ҚАНАТБЕК, ҚОҒАМДЫҚ ЖҰМЫСҚА ҚАТЫСУШЫ: «Жұмыспен қамту орталығына бардым. Сол жерге барып өтінім тастадым. Жазғы уақытта жұмыс істегім келеді деп. Маған бірнеше мекемелерді ұсынды. Соның ішінен Мұқтар Әуезов университетін таңдадым. Бұл жерде қағаздармен құжаттармен жұмыс істейміз. Өте жауапкершілікті талап етеді. Шатаспауға тырысамыз. Адамдар келеді. Олармен сөйлесу арықылы. Өзімді тұлғалық дамумен айналысып, дамытып жатырмын».

 

Жазғы демалыс жастар үшін тек тынығу кезеңі ғана емес, уақытты тиімді пайдаланып, еңбекке араласуға мүмкіндік беретін маңызды кезең.  Сондықтан, мамандар жұмыс орындарының заң талаптарына сәйкестігін тексеріп, қауіпсіз әрі әлеуметтік кепілдіктері бар мекемелерді іріктеді. Бүгінде аудандық мансап орталықтары арқылы 156 жасөспірім қоғамдық жұмысқа жолданып, еңбек етуде.

 

НҰРСҰЛУ ЕСҚАРАЕВА, ЕҢБЕК МОБИЛЬДІЛІГІ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ  БӨЛІМ БАСШЫСЫ: «Ұсынылған жұмыс орындары мамандар тарапынан жан-жақты зерделеніп, жұмыс берушілердің салық төлемдерін жүргізуі, әлеуметтік кепілдіктерді қамтамасыз етуі және еңбек қауіпсіздігі талаптарын сақтауы бойынша тексерілді. Нәтижесінде 47 мекемеден 192 жұмыс орны бекітілді.  Бүгінгі таңда аудандық Мансап орталықтары арқылы 156 жасөспірім қоғамдық жұмысқа жолданып, еңбек етуде. Олардың 129-ы – студенттер, ал 27-сі – жоғары сынып оқушылары. Бекітілген жұмыс орындарының басым бөлігі әкімдік құрылымдары, жоғары оқу орындары мен қоғамдық бірлестіктерге тиесілі».

 

Бағдарламаға қатысушылардың жұмыс уақыты аптасына 36 сағаттан аспайды. Ал еңбекақысы 28 айлық есептік көрсеткіш көлемінде белгіленген және мемлекет тарапынан субсидияланады. Сонымен қатар жасөспірімдердің еңбек қызметі арнайы мониторингтік топтың тұрақты бақылауында. Айта кетейік, Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің №476 бұйрығына сәйкес, ақылы қоғамдық жұмыстарға тек 16 жасқа толған жасөспірімдер ғана жолданады. Ал 14–15 жастағы жастар үшін Enbek.kz порталындағы «Менің жазғы демалысым» бөлімі арқылы жұмыс берушілер бос жұмыс орындарын ұсынып, еңбекақы мөлшерін өздері белгілейді.

Нұргүл Жолымбетова