Шымкент қордағы дәрілер сатылып кеткен

143

Шымкент дәріханалары маусым айында 2 айлық қордың дәрісін сатып жіберген. Бұл туралы қала әкімі Мұрат Әйтеновтің қаладағы фарм компания басшыларымен бас қосқан жиынында айтылды.

Билік өкілдері фармацевттердің қазіргідей инфекция ушыққан тұста күшейтілген режимде жұмыс істеуі үшін бар қолдауды көрсетуге әзір екенін аңғартты. Шымкенттік шенеуніктер мен фармацевттер жергілікті халықты дәрі-дәрмекпен үздіксіз қамтамасыз ету үшін қандай қадамдарға барады?

Шымкентте дәрі іздеген бір адам. Тапса, бағасына да қарайын деп тұрған жоқ. Вирус бет қараптай тұрған тұста жергілікті халықты дер кезінде дәрі-дәрмекпен қамту өзекті болып отыр. Өкініштісі сол, тапшылыққа жол беріп отырған ең бірінші кезекті тұтынушылардың өзі. Қысқа мерзімнің ішінде жергілікті дәріханаларда екі айға жететін препарат қоры сатылып кетіпті.

Қалай дегенмен, жергілікті халықты вирусқа қарсы препараттармен дер кезінде қамтамасыз ету бүгінде аймақ басшыларына сын болып тұр. Осынау жауапкершілік жүгін арқалаған Мұрат Әйтенов күні кеше жергілікті фармацевттердің басын қосып, тапшылықты болдырмаудың жолын қарастырды.

Қазіргі таңда Шымкенттегі ең ірі 4 дәріхана дәрілік ерітінділерді өздерінде шығара алады екен. Алайда, күшейтілген режимде жұмыс істеп жатқан өндірушілерге жан-жақты қолдау қажет екен.

Хадиша Дербесқызы, «Фарм» ассоциациясының жетекшісі: «Сұраныс негізінде қызметкерлер күшейтілген күн тәртібінде жұмыс жасауда. Шетелден алып келінетін дәрілердің дәрілік құралдарды сараптау ұлттық орталығында ұзақ уақыт тұрып қалуда. Осы тараптан қолдау көрсетулеріңізді сұраймыз».

Сұранысқа ие препараттарға қойылған шекті бағаның сақталуы да қатаң қадағалауда. Халық арасында «дәрі бағасы шарықтап кетті» деп жиі айтылып жатса да тиісті департаментке әзірге жазбаша арыз түсірген ешкім жоқ екен. Десе де деннің саулығы мұң боп тұрғанда екі асап қалғысы келетін пысықайлар анықталып жатса, мың АЕК көлемінде айыппұлға тартылады.

Мақпал Рысбаева