Қазір Шымкенттегі банк ғимараттарының алдынан жеке дербес шотын аштыруға келген жұртшылықты жиі ұшыратасыз. Дені карантин кезінде табысынан айырылған азаматтар. Осыған дейін де 42500 теңге алған тұрғындар тағы да бір жолғы төлемнен ниетті.
Бүгін салаға жауаптылар қоғамда қызу талқыға түскен бір реттік төлем төлеудің тетіктерін тәптіштеп түсіндіріп берді. Осыған дейін қалада бас-аяғы 105 821 адамнан өтініш түскен. Мамандар күн сайын 20 мыңдай азаматтың өтінішін қарайды. Комиссия түпкілікті шешімді бір күннің ішінде шығарады екен.
Жанат Өтебаева, Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы: «Қазір 100 мыңнан астам азаматқа 42 500 теңге тағайындалып төленді, бұл төлемдер бас санитар дәрігердің қаулысымен жұмысы тоқтатылған кәсіпорын жұмыскерлеріне төленеді».
Өтінімдерді egov.kz – веб-порталы, 42500.enbek.kz порталы, telegram-bot-тар, Aitu мессенджеріндегі 42500.enbek.kz қосымшасы және де екінші деңгейдегі банктердің мобильді қосымшалары мен интернет-ресурстары арқылы беруге болады.
Бұл көмекке жалақысы сақталмайтын демалыста жүрген қызметкерлер, жеке кәсіпкерлер, жеке практикамен айналысатын адамдар иек арта алады. Сонымен бірге, жалдамалы жұмысшылар, БЖТ-ны тұрақты төлеушілер болып табылатын мүгедектер, студенттер біржолғы төлем алуға құқылы екен.
Өтініштер 1 қыркүйекке дейін қабылданады. Төлем шілде айына ғана төленеді. Айта кетейік, төтенше жағдай кезінде қалада 535 мыңнан астам азамат бір жолғы төлемге өтініш берген болса, 300 мыңға жуық адам 42500 теңгенің көмегін алған.
Мақпал РЫСБАЕВА