Түркістан облысы полицейлері «Сарыағашта вирус себіледі» деп жалған ақпарат таратқан әйелді анықтады
Естеріңізде болса, әлеуметтік желіде мессенджер арқылы «Түнгі 2 мен 3 арасында Сарыағашта балаларды ауыртатын вирус себіледі екен, балаларды көшеге шығармасын деп жатыр» деген әйелдің дауысымен дыбыстық жазба таралған болатын.
Аталған жайт Сарыағаш АПБ-мен ҚР ҚК-нің 274-бабымен «Көрінеу жалған ақпарат тарату» тіркелді.
Бұл жалған ақпаратты таратқан әйелді анықтау мақсатында жедел-іздестіру шаралары жүргізілді. Нәтижесінде осы ақпаратты таратып, елді дүрліктірген әйел анықталды. Ол Сарыағаш қаласының тұрғыны болып шықты. Тексеру барысында анықталғандай, әйел бұл хабарламаны тек туыстарының көшеге шықпай отырулары үшін жазып, келініне «ватсап» арқылы жолдаған.
Осы орайда полицейлер Түркістан облысының тұрғындарына осындай мәтінде жарияланған ақпараттарға сенбеуге шақырады. Құқықтық сауаттылықты арттыру мақсатында жұмыстар жүргізілуде. Сондай-ақ, дәлел-дәйексіз, ел ішін дүрліктіретін ақпарат таратқандар ҚР Қылмыстық кодексінің 274 бабы бойынша жауапқа тартылатынын да ескертеді.