«Азаптау камералары бар» деген ақпарат – жалған

114

Алматыдағы тергеу изоляторында «азаптау камералары» бар деген ақпарат әлеуметтік желіде тараған болатын. Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті бұл мәліметтің жалған екенін айтады. Ведомства өкілдері абақтыда тек ауыр және аса ауыр қылмыспен айыпталған азаматтар отыр деп жауап берді.

Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті тергеу изоляторында азаптау камералары жоқ деп мәлімдеме жасады. Ведомства қазіргі таңда қаңтар оқиғаларына қатысты деген 728 адам тергеу изоляторында отырғанын жариялады. Олардың сөзінше, тергеу барысы заң аясында жүріп жатыр, ешкімнің құқығы тапталып жатқан жоқ.

Мейрам Аюбаев, ҚР Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің төрағасының орынбасары: «Бүгінгі күні тергеу изоляторларында 728 адам қамауда отыр. Олардың барлығы ауыр және аса ауыр қылмыстар жасады деген күдікке ілінді. Тағылған айыпқа баға беру соттың құзырына жатады және ұсынылған дәлелдердің негізінде беріледі. Ол: бейнежазбалар, куәлардың айғақтарымен және басқа материалдар».

Қылмыстық атқару жүйесі комитеті, сондай-ақ, 270 адамға күзетпен ұстауға байланысты емес бұлтартпау іс-шарасы қолданылғанын мәлімдеді. Яғни, бұл ешқайда кетпейтіні туралы қолхат жазып, үй қамауына алынғандар. Мекеме басшысы тұтқындалғандардың туыстарын арандатушылық пен жалған ақпаратқа сенбеуге шақырады.

Қасіретті қаңтар оқиғасынан соң тергеу изоляторларына 267 адам дене жарақатымен түскен. Олардың 33-і қалалық ауруханаларда емделген. Қалғандарын тергеу изоляторларының медициналық қызметтері емдеген. Мекемелерден алшақ жерде тұратын туыстар үшін Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінде және аумақтық департаменттерде колл-орталықтар жұмыс істейді. Байланыс нөмірі 8 (7172) 72-30-40

Әлихан Файзханов