Ажар Ғиният: Ең алдымен созылмалы аурулармен ауыратын науқастардың жағдайын назарда ұстау қажет

153

 

Бүгін Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният Шымкент қаласына іс — сапармен келді. Вице — министр жергілікті ауруханалардың жағдайымен танысып, медициналық ұйымдар мен ақ халаттылардың пандемияның келесі толқынына дайындығын байқады. Билік өкілдерімен кездесіп, саладағы проблемаларды ортаға салды. Министрлік өкілі жергілікті мамандардың әзірлігіне қандай баға берді?

Шымкенттегі эпидемиологиялық ақуалды бағамдап, пандемияның екінші толқынына дайындық барысымен танысу үшін келген денсаулық сақтау вице-министрі алдымен жергілікті билік өклідерімен кездесті. Жауаптылар бас қосқан жиында саланың қазіргі проблемалары ортаға салынды. Келесі толқынға дайындық пысықталды.

Темирхан ВАРЗИЛОВ, Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы: «Келесі толқынға дайындықта алдымен қажетті құрал-жабдықтар мен препараттар қорын әзірледік. Мамандардың денсаулығы да маңызды. Медицина қызметкерлерінің қауіпсіз жағдайда жұмыс істеуі үшін тиісті шаралардың барлығы да қамтылады».

Министрдің орынбасары қаладағы жуырда ашылған жедел медициналық жәрдем көрсету станциясының «Call» орталығымен танысты. Мұнда күніне қазір халықтан 2 мыңдай қоңырау түсуде. Біріктірілген жүйе арқылы операторлар 10 секунд ішінде шақыртуды бригадаға бағыттайды.

Медицина қызметкерлерінің күзгі толқынға дайындығын байқаған Ажар Ғиният оларға бірқатар тапсырмалар жүктеді. Тиісті құрал-жабдықтар мен мамандардың тапшылығын болдырмай ең бастысы қауіпті топтағы науақстардың жайын әлден-ақ бақылауға алу қажет деді.

Ажар ҒИНИЯТ, ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі: «Созылмалы ауруларға шалдыққан адамдардың денсаулығын байқау қажет. Әсіресе, жүрек-қан тамырлары, қант диабеті, семіздік, өкпе ауруларына шалдыққан науқастар бақылауда болуы тиіс».

Қазір қалада эпидақуал күннен күнге бері қарап келеді. Соған байланысты карантин шектеулері де бірте-бірте алына бастады. Вице министр бұл ақ халаттыларға жауапкершілік жүктейтін кезең дейді. Себебі, ауру жер бетінен жойылып кеткен жоқ.

Індеттің таралу қауіптілігі де жоғары. Сондықтан Ажар Ғиният салаға жауаптыларды тұтқиылдан келетін кез-келген жағдайға тас-түйін дайын болу қажеттігін ескертті.

Мақпал Рысбаева