«Күйеуімнің «ойнас» жүрісінен шаршадым»

266

«Отасқанымызға 30 жылдан асты. Күйеуім басқа әйелдерге баруын тоқтатар емес». Редакциямызға хабарласып, «Психолог бұрышы» айдарынан кеңес алғысы келетін оқырманымыз әңгімесін осылай бастады.

Айтуынша, жолдасымен отасқанына 31 жыл болыпты. 3 баласы, 4 немересі бар екен. Әйтсе де күйеуі әлі де «жеңіл жүрісін» доғармапты. Бір емес, бірнеше көңілдесі бар екен. Мұнысы аздай, әлі күнге әйелін ұрып-соғады. Бала-шағасына да күн бермейді. Құда-жекжат, ағайын-туысқа әбден масқара болған ерлі-зайыптылар ақыры ажырасыпты. 1,5 жылдан бері бөлек тұрады. Десе де бірін бірі қимайды, тағы қосылғысы келеді. Бірақ…

– Отбасында 5 баламыз. Үш ұл, екі қыз едік. Кедей тұрдық. Анам ішімдік ішетін. Балаларының тәрбиесіне мән бермеді. Әрқайсымыз өз бетімізше өстік. Мектеп бітіріп, колледжге оқуға түскенімде Саматпен (аты-жөні өзгертілді – ред.) таныстым. Менен екі курс жоғары оқитын. Бойы ұзын, сымдай тартылған, аққұба жігіт тәтті үні, майда сөздерімен баурап алды. Колледждегі қыздардың арманына айналған ең сымбатты жігіттің мені таңдағанына таңғалдым. Мен орта бойлы, қараторы қыз едім. Шашым бұйра әрі қысқа. Бетім сепкілден көрінбейді. «Талғамға талас жоқ» деген осы шығар. Екеуміз де бір-бірімізді ұнатып, қыз-жігіт болып жүрдік. Көп ұзамай жүкті боп қалдым. «Ақ босағадан аттамай жатып жүкті болғанымды ата-анама қалай айтамын?» деп қиналдым. Ағаларымнан да қорықтым. Дегенмен, Самат нағыз еркек екенін, жауапкершіліктен қашпайтынын көрсетті. Сөйтіп, Саматтың отбасына келін болып түстім,- деп өткенін еске алады Толғанай (аты-жөні өзгертілді – ред.).
Дәл осы тұста кейіпкеріміз біраз бөгеліп, көзіне жас тығылып, үнсіз отырды. Сөйтіп ағынан жарылды.
– Саматтың барлық кемшілігін, жаман әдеттерін үйленгеннен кейін байқадым. Үйге кеш келеді, кейде мүлдем қонбайды. Құмар ойын ойнап, ішімдіктен аузы бір күн құрғамайды. Түнделетіп жүрген еркектің құр жүрмейтіні белгілі. Оның басқа әйелдерге баратынын сездім. Күнде ұрыс, күнде жанжал. Соңында ұрыстың арты төбелеспен аяқталады. Осылай отасқанымызға 31 жыл болды, -деп күрсінді Толғанай.
31 жылда кейіпкеріміздің басынан не өтпеді?! Жақсы күндері де жаман күндері де болыпты. Алғашқы жылдары жанында арқасүйер ағасы мен асқартаудай әкесі болған. Олар «отбасылық қиындықты жеңу керек» деп Толғанайға демеу берген. Қайынағасынан Самат та аяқ тартып жүретін. Бірақ, Толғанай бір күнде асқартауынан да, арқасүйер ағасынан да айырылып қалыпты.
– Ағам мінген көлік апатқа ұшырайды. Ішінде әкем, анам, ағам, оның әйелі мен бала-шағасы болған. Ағамнан басқасының бәрі тіл тартпай кетеді. Ағам ғана тірі қалды. Алайда, осы оқиғадан соң оңалмады. Бірнеше жыл күйзеліп, емделді. Бар рахатын шөлмектің түбінен тапты. Осылайша менің отбасым тарыдай шашылып, проблемаларыммен жалғыз қалдым. Жұдырықтан арашалайтын аға жоқ. Сөзімді сөйлейтін әке жоқ,-дейді Толғанай.
Оның бетіндегі тыртықты, басындағы жарықты санасаңыз, саусақ жетпейді. Мұрны бірнеше рет сынып, аузында тіс қалмаған.
– Қызғаныш деген қыз ит емес пе? Үйде бала туып, кір жуып, тамақ істеймін. Оның сыртта көңіл көтеріп жүргеніне көз жұмып отыра алмадым. Үйге келгенде жағасынан алып, «қайда болдың, кіммен болдың?» деп жанжал шығаратынмын. Саматтың әйелқұмарлығын достарынан көретінмін. «Солардың ықпалы» деп олармен де талай ұрыстым. Бірақ, оның «сұйық» жүрісі көбеймесе азаймады. «Бәлкім жер ауыстырсақ, орта ауыстырсақ барлығы да қалыпқа түсер» деген оймен астанаға көштік. Ауру қалса да әдет қалмайды екен. Саматтың жүрісі мұнда да көбейіп, бір емес бірнеше әйелмен бір мезетте жүретін болды. Бұған дейін жасырып, мойындамауға тырысса, енді тіпті ашық жүреді. Көңілдестерінің бар екенін де жасырмайды,-деді Толғанай.
Бүгінде Толғанай мен Саматтың жасы 50-ден асты. Балалары да өз алдына үй болып кеткен. Немерелері бар. Құда-жекжаты да жақсы адамдар. Алайда, Толғанай күйеуі екеуі осылай ит пен мысық сияқты күн кешіп жүргендеріне налиды.
– Екі жыл бұрын Самат менің басымды балтамен ұрып жарды. Сол сәтте есімнен танып қалыппын. Есімді жиғанымда ауруханада жатыр екенмін. Үйіміздің бір бөлмесін жалдап тұрып жатқан жігіт сол күні жұмысынан сұранып, ерте келіп, аман қалдым. Айтуынша, Самат есінін танып қалған мені шашымнан ұстап, үйдің ауласында сүйреп жүр екен. Айналаның бәрі қара қанға боялыпты. Әлгі жігіт қорқып кетіп, полиция шақырыпты,-дейді Толғанай.
Ол сол жолы Саматтың үстінен арызданып, істі соңына дейін апарады. Нәтижесінде Самат 3 жыл 6 айға шартты түрде сотталып кетеді. Қазір Самат жазасының жартысынан көбін өтеген. Бірде қызы мен күйеубаласының үйінде, бірде достарының үйінде түнейді.
– Жақында Саматтың тағы бір әйелмен көңіл жарастырғанын естідім. «Өз теңін тауып, бақытты болсын» деп тіледім. Бірақ, ол әйел алаяқ болып шығыпты. Саматпен бір ай тұрып, барлық ақшасын сыпырып алып кетіп қалған. Саматтың мұндай ыңғайсыз жағдайға тап болуы бірінші рет емес. Қаншама рет алданып, бармақ тістеп қалған. Бірақ өзіне де обал жоқ,-дейді ашынған Толғанай.
Әйтсе де Толғанайдың қазіргі мақсаты – күйеуімен қайта жарасу. Жеген таяқтарын ұмытуға, Саматтың істеген әрекеттерін кешіруге дайын. Жолдасының отбасына оралғанын, өз шаңырағына ие болғанын қалайды. Алайда, әйелқұмарлығынан қорқады. «Осы бір әдеті шаңырағының тағы да шырқын бұзады ма» деп ойлайды.

– Бәлкім Саматтың маған әйел ретінде көңілі толмайтын шығар? Мүмкін төсектен ләззат алмайтын шығар? Әлде бұл оның жаман әдеті ме немесе ауру шығар? Осы сұрақтарға жауап алғым келеді, – деген Толғанай бастағы хикаясын баяндап, жеңілдеп қалғанын айтады.
Газет оқырмандарының арасынан да оған ақыл айтатын, ой салатын жан табылады ма, деп те үміттенеді.
Құрметті оқырман!
Кейіпкерлерімізге айтар ақылыңыз, бөлісер ойыңыз болса мархабат.

Жазып алған –
Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ

«Оңтүстік Рабат», №32, 6 тамыз 2020 ж