Қысқа дайындық: дәмі тіл үйірер 5 салат

449

Баялды, тәтті бұрыш, қияр-қызанақ. Бұл көкөністер кез келген астың дәмін келтіреді. Дәмі тіл үйірер салат та жасауға болады. Ағзамыз әлсіреп, иммунитетіміз төмендейтін қыс мезгілінде дәруменге толы мұндай салатты көп жеген дұрыс. Қыста көкөніс бағасы тым қымбат болады. Мұндай табиғи, құнарлы тоқбасарға екінің бірінің қолы жете қоймайды. «Қыс қамын жаз ойла» деп, оңай дайындалар пайдалы салаттың бірнеше рецептін ұсынамыз.

ҚЫЗАНАҚ, СӘБІЗ ЖӘНЕ БОЛГАР БҰРЫШЫ

Бұл басытқы қыста кез келген дастарқанның сәнін келтіреді. Тәбет ашады. Түскі астың орнына пайдалансаңыз болады. Тамаққа дәм беру үшін тұздық ретінде қолдансаңыз да еркіңіз.
Қажетті заттар: қызанақ (1кг), сарымсақ (5 бас), тұз (1 ас қасық), шекер (150 гр), 6 % сіркесуы 100 мл), өсімдік майы (500 мл), сәбіз (2 кг), болгар бұрышы (1 кг).
Дайындалуы: Қызанақ пен сарымсақты еттартқыштан өткіземіз. Қазанға құйып үстіне тұз, қант, сірке суын, өсімдік майын қосып отқа қойыңыз. Қоспа қайнағанда туралған сәбіз бен болгар бұрышын қазанға салыңыз. 50-60 минут қайнатыңыз. Араластырып тұруды ұмытпаңыз. Басытқы дайын. Сосын тап-таза етіп жуылып, буланған банкілерге салып, консервілеп жабасыз. Банкіні төңкеріп қоюды ұмытпаңыз.

Маринадталған асқабақ

Асқабақ та дәруменге бай. Құрамында С, В1, В2, В5, Е, РР дәрумендері, ағзадағы зат алмасуды жеделтететін Т және қанның ұюына ықпал болатын К дәрумені, калий, кальций, темір бар. Көру қабілетін жақсартады. Бүйрек, бауыр, ауырғанда асқабақ шырынын ішкен жөн. Ағзаны шлактан тазартып, зат алмасуды тұрақтандырады.
Қажетті заттар: асқабат (600 гр), ащы қызыл бұрыш (1 бас), ақжелкен (1 бума), су (300 мл), 9 % сіркесу (1 ас қасық), домалақ қара бұрыш (10 дана), тұз (3 шай қасық), шекер (3 шай қасық), өсімдік майы (90 мл).
Дайындалуы: Асқабақты бөлеміз. Бұрышты да орта өлшеммен тураңыз. Көкөністерді буланған банкіге салыңыз. Үстінен ақжелкен салыңыз. Тұздық жасап алыңыз.
Бұл үшін: су, сіркесуы, қара бұрыш, тұзды, шекер және өсімдік майы мен ақжелкеннен тұратын тұздықты 5-7 минуттай қайнатыңыз. Қайнаған тұздықты асқабақ салынған банкіге құйып, 10-15 минут булаңыз. Сосын қақпағын жауып, төңкеріңіз.

Кәді салаты

Кәді (кабачок) – баялдымен бір тұқымдас, құрамында пайдалы заттары мол көкөніс. Салат пен тіскебасарларға 7-15 см өлшеміндегі жас кәділер келеді. Салаттарға баялдыны балғын түрде: не пісіріп, қуырып қосады. Сорпаға да қосады. Құймақ жасауға да болады.
Қажетті заттар: кәді (1 кг), тұз (1 шай қасық), өсімдік майы (150 мл), сарымсақ (1 бас), ақжелкен (10 тал), базилик пен аскөк (5 тал), 9 % сіркесуы (2 ас қасық).
Дайындалуы: Кәдіні жақсылап жуып алыңыз да қалыңдығы 1 см етіп дөңгелектеп тураңыз. Тұздап, 50 мл майда сары түске боялғанша қуырып алыңыз. Қалған майды қайнатып, 1,5 литрлік екі банкаға тең бөліп құйыңыз. Сосын үстіне кәдіні салыңыз. Оған ұсақталған сарымсақ пен аскөк қосыңыз. Әр банкіге бір-бір ас қасық сірке суын құйыңыз. 30-35 минут булап, қайнатыңыз. Банкіні жауып, суығанша күтіңіз.

КУБАН САЛАТЫ

Кубан салаты ― қысқа арналған нағыз дәмтатым. Жеңіл, кіртілдек салатты қыста тамақпен жеуге немесе тұздық ретінде пайдалануға болады.
Қажетті заттар: ақ қырыққабат (1 кг), сәбіз (700 гр), болгар бұрышы (700 гр), ащы қызыл бұрыш (2 дана), қызанақ (1 кг), қияр (800 гр), тұз (2 ас қасық), шекер (70 гр), лавр жапырағы (4 шт), дөңгелек қара бұрыш (15 шт), өсімдік майы (300 мл), 9%сіркесу 130 мл.
Дайындалуы: Көкөністі жақсылап жуып, турап алыңыз. Барлығын араластырыңыз. Үстіне дәмдеуіш, лавр жапырағын, тұз, шекер, бұрыш, өсімдік майы мен 50-60 гр сірке қышқылын қосыңыз. Салатқа сірке қышқылы сіңген соң тағы сірке қышқылы мен дәміне қарай лимон қышқылын қосуға болады. Жақсылап араластырыңыз да 1-2 сағатқа қойыңыз. Осы аралықта көкөністен су бөлініп, жақсылап маринадталады. Дайын салатты қазанға салыңыз да 5-10 минут қайнатыңыз.

Қызылша салаты

Бұл салатты қайнаған күрішпен, қарақұмық немесе езілген картоппен қосып жеуге болады. Ішек-асқазан аурулары бар адамдарға пайдасы мол.
Қажетті заттар: қызылша (600 гр), сәбіз (200 гр), болгар бұрышы (1 дана), шекер (1 ас қасық), тұз (1/3 ас қасық), 9% сіркесу (2 ас қасық), өсімдік майы (150 мл), сарымсақ (1 тіс)
Дайындалуы: Көкөністі жуып, тазалап алыңыз. Сәбіз мен қызылшаны үккіштен өткізесіз. Болгар бұрышын тазалап, төртбұрыштап турап үгітілген сәбіз бен қызылшаға қосыңыз. Тұз, шекер және үккіштен өткен сарымсақ салыңыз. Беті жабылған қазанда 1 сағат қайнатыңыз. Отты өшіріп, сірке қышқылын қосыңыз. Дайын болған салатты буланған банкіге құйыңыз. Банкіні жауып, төңкеріңіз. Суығанша үстінде көрпе жабулы тұрсын.

«Оңтүстік Рабат», №32, 6 тамыз 2020 ж