Қазақстан Халқы Ассамблеясының құрылғанына 25 жыл толып отыр. Осыған орай, Шымкент әкімі Мұрат Әйтенов қаладағы бірқатар ааматтарды мерекелік медальдермен марапаттады.

Олардың арасында ұлттық мәдени бірлестіктердің өкілдері мен қоғамдық ұйымдардың белсендерілері бар. Олардың қуанышымен біздің түсірілім тобы да бөлісіп қайтқан болатын.

Бүкілқазақстандықтардың бірлігін қалыптастыруда Ассамблея маңызды рөл атқарады. Міндеті айқын. Қоғамдық-саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету, мемлекеттік және азаматтық қоғам институттарының этносаралық қатынастар саласындағы өзара іс-қимылының тиімділігін арттыру. Осы бағытта еңбек етіп, тұрақтылық пен бейбітшіліктің жаршысы бола білген 16 азаматқа шаһар басшысы алғысын білдіріп, алдағы уақытта да бірлесе жұмыс істеуге шақырды.

Мұрат ӘЙТЕНОВ, Шымкент қаласының әкімі: «Бүгінгі Ассамблея – миллиондаған қазақстандықты ортақ мақсатқа жұмылдырған, асқақ арманға жетелеген, бір мүддеге тоғыстырған алып күш. Осы орайда, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруға үлес қосқан барша азаматтарға алғыс айтамын».

Икрам Хашимжанов 20 жылдан бері Шымкенттегі өзбектердің этномәдени қауымдастығын басқарып келеді. Ассамбеляның өткені мен бүгінін саралай білетін тәжірибелі төраға Қазақстан халқы Ассамблеясы еліміздің саяси жүйесінің толыққанды бөлігіне айналғанын айтады. «Әуелде тек руханият, мәдениет саласындағы іс-шаралармен ғана шектелген ассамблеялықтар қазір еліміздің саяси өміріне де араласа бастады» дейді ҚР «Дустлик» өзбектердің этномәдени бірлестіктері қауымдастығының төрағасы Икрам ХАШИМЖАНОВ.

Айта кетейік, бүгінде қалада 1миллион 38 мыңнан астам тұрғын тұрады. Оның 67,4 пайызын – қазақтар, 17,6 пайызын – өзбектер, 8,9 пайызын – орыстар және 6,1 пайызын өзге этнос өкілдері құрайды. Сондай-ақ, 17 этномәдени бірлестік жұмыс істеп келеді.

 

Мақпал Рысбаева