Сарыағаш ауданында жаңа жатақхана ашылды

39

Сарыағаш ауданында студенттерге арналған жаңа жатақхана пайдалануға берілді. 100 орындықты студенттер үйі өңірдегі «Арыстанбаб» жоғары колледжінде орналасқан. Өткен жылы бой көтерген нысан заманауи үлгіде салынып, барлық жабдықтармен қамтамасыз етілген. Екі қабатты жатақүйдің әр бөлмесі 4 адамға шақталып жасалған. Бөлмелердің іші жиһазбен жабдықталып, жуынатын бөлме салынған. Ғимараттың ашылу рәсіміне арнайы қатысқан аудан әкімі Мұхит Отаршиев жаңа жатақхананың салынуы студенттер үшін маңызды екенін алға тартады

«Жаңа ғимарат студенттердің оқуына жəне өз уақыттарын жайлы жағдайда өткізулеріне мүмкіндік береді. Шалғай ауылдардан келіп білім алатын студенттер үшін барлық жағдайды жасауымыз қажет. Оқу ордасының студенттері білімді және белді маман болатынына сенемін», – деді ол.

Айта кетейік, қазіргі таңда аталған колледжде жастар 12-гуманитарлық және медициналық мамандықтар бойынша білім алуда. Болашақта маман болатын 1141 студентке 70 оқытушы дәріс беруде.