Шымкент: Қылмысты ашуда кедергілер көп…

200

Шымкентте карантин талаптарын бұзуға қатысты 500-ден астам құқықбұзушылық тіркелген. Санитарлық ережелердің сақталмауы әсіресе, кафе-ресторандар мен сауналарда орын алған. Бұл туралы бүгін қалалық полиция департаментінің бастығы Ералы Жұмаханбетов мәлімдеді.

Айтуынша, осыған дейін қоғамдық орындар мен көшелерде 50-ден астам маскасыз жүрген азамат анықталған.
Арнайы мониторингтік топ той-думанның ордасы – Шымкентте небәрі үш отбасылық мерекені тоқтатқан. Барлығы да мейрамханаларда өтіп жатқан. Қалада карантин шектеулерін сақтамауға қатысты бас-аяғы 500- ден астам құқықбұзушылық тіркеліпті. Ескертуді елемегендер айыппұлға тартылды дейді департамент бастығы.

Ералы ЖҰМАХАНБЕТОВ, Шымкент қаласы полиция департаментінің бастығы: «Карантин талаптарын сақтамағандар 27 млн. 2160 мың теңге көлемінде айыппұл төледі. Біз түпкілікті шешім қабылдау үшін СЭС-ке тапсырдық…».

Департамент басшысы қаладағы криминалдық ақуалға да тоқталды. Айтуынша, биыл шаһарда қылмыстың бәсеңдегені байқалған. Алайда, қылмысты ашуда әлі кедергілер бар дейді Ералы Жұмаханбетов. Әсіресе, ұры-қарыларды ізін суытпай ұстауға тәртіп сақшыларының тапшылығы қолды байлайды екен.

Ералы ЖҰМАХАНБЕТОВ, Шымкент қаласы полиция департаментінің бастығы: «Полиция қызметкерлері жетіспей жататын кездер болады. Азаматтар полицияға дер кезінде шағымданбайды. Ол да қылмысты ашуға кедергі болады».

Дегенмен, індет ушыққан тұста тәртіп сақшыларына да оңай тимеген. Қалада қызметте жүріп 29 полицей коронавирус жұқтырған. Департамент бастығы олардың барлығы да қазір сауығып жұмысқа кірісті дейді. Төтенше жағдай кезіндегі еңбектері ескеріліп, ұзын саны 2 мыңға жуық полиция қызметкеріне сыйақы төленген.

Мақпал Рысбаева