Шымкентте қылмыспен күрес жаңа деңгейге көшеді. Енді мегаполистегі дүкен, дәмхана сынды орындардың бейнекамералары полицияның Жедел басқару орталығына қосылмақ. «ShymSafe360» жобасы қаланың «соқыр нүктелерін» жойып, құқық бұзушылықтарды онлайн режимде, шапшаң түрде анықтауға мүмкіндік береді. Жаңа жүйе әсіресе педофилдер мен ұры-қарыларды бет-әлпетінен танып, ізін суытпай ұстауға сеп болмақ.
Бұрын мұндай камералар тек ғимараттардың іші-сыртын күзету үшін ғана керек болатын. Қандай да бір қылмыс болғанда, оны тек соңынан ғана көре алатын едік. Ал енді бәрі өзгереді. Өйткені мұндай қаланың әр нүктесіндегі «көздер» бір орталыққа біріктірілмек.
Бұл әдісті қолдану арқылы қаладағы қылмыс деңгейін айтарлықтай төмендету көзделген. Мәселе өзекті, сондықтан тиісті мамандар мен кәсіпкерлер арасында маңызды жиын өтті. Бүгінде үшінші мегаполисте 198 мыңнан астам бейнекамера болғанымен, оның тек 44 мыңы ғана тәртіп сақшыларына қолжетімді. Оның ішінде тек 350-інде ғана күдіктіні танитын аналитика бар. Тәртіп сақшылары бизнес нысандарындағы камераларды ортақ жүйеге қосу арқылы «соқыр нүктелерді» жойып, қауіпсіздікті толық бақылауды мақсат етіп отыр.
ҚАСЫМХАН ҚЫДЫРМҰРАТҰЛЫ, ПД ПРОФИЛАКТИКАЛЫҚ ЖҰМЫСТЫ ҮЙЛЕСТІРУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСТЫҒЫ: «Көбісінде жанында қуыстар бар ғой жалпақ тілде. Сондай жерлерде жоқ. Сол жерлерге қойдырып жаңағы. Сыртынан көп камералар. Оны анықтау қиын болады. Сондықтан жақындату керек бейне камераны. Соқыр нүкте, жаңағы айтып жатқаным сол ғой қуыс. Бір 70-80 пайызға азаяды соқыр нүкте».
Жоба аясында тағы 1700-ге жуық жеке камера Жедел басқару орталығына тегін қосылады деп болжануда. Жүйенің мүмкіндігі зор: ол тәулік бойы (24/7) үзіліссіз жұмыс істеп, қоғамдық орындардағы педофилдерді, ұры-қары мен іздеудегі қылмыскерлерді бет-әлпетінен танып, қандай да күдікті әрекетті бақылауға алуға жол ашады.
Тәртіп сақшыларына әсіресе нысанның сыртындағы, кіреберісіндегі және ішкі үлкен залдардағы бейнежазбалар қажет. Бұл нүктелердегі интеллектуалды аналитика кез келген құқық бұзушылыққа қарсы жедел әрекет етуге және бейнежазбалардың қауіпсіз сақталуына кепіл болады. Маңызды бастаманы жергілікті кәсіпкерлер де қолдап отыр.
БАҚЫТГҮЛ МҰСАБЕКОВА, ЖЕКЕ КӘСІПКЕР: «Менің ойымша іште де сыртта да болуы керек. Құқық бұзушылық немесе қауіпсіздік шараларын алдын алу, іші сырты деп бөлінбеу керек. Сондықтан да ішінде де сыртында да болуы тиімді. Өйткені субъектілерде, бизнес объектілерде адамдардың шоғырланған жерлері болады. Клиенттер үшін өте қолайлы болуы керек. Қауіпсіздік шаралары бірінші кезекте тұруы керек деп ойлаймын».
Айта кетейік, «ShymSafe360» жобасы кәсіпкерлерді еш мәжбүрлемейді, жүйеге қосылу — әркімнің өз таңдауы. Егер бизнес иесі ниет білдірсе, «Қазақтелеком» акционерлік қоғамы тиісті камераларды орнатып беруге дайын. Бұл технологиялардың нәтижесі де жоғары. Осы жылдың үш айында Шымкентте цифрлық технологияларды пайдалану арқылы жалпы 1297 қылмыстық іс ашылса, соның тең жартысы, яғни 648-і тікелей бейнебақылау жүйелерінің көмегімен әшкереленген. Ал ғылыми-техникалық құралдардың тиімділігі өткен жылмен салыстырғанда 56,6 пайызға артқан.
Ботакөз Ануар






