Түркістанда су спорт түрлері дамымақ

108

Түркістан облысының әкімі олимпиадалық ескек еситін каналдың эскиздік жобасын мақұлдады.

Халықаралық дәрежедегі ескек есу каналын салу идеясы осы спорт қауымдастығына тиесілі.
Ассоциация төрағасы, ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Су спорты түрлерінен олимпиадалық резервтің облыстық мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Денис Жарменов осыдан екі жыл бұрын ескек еситін каналды Шымкенттегі Бадам өзенінде салуды ұсынған. Алайда бұл жұмыс қолға алынбады. Облыс орталығының Түркістанға көшуіне және Шымкент мәртебесінің өзгеруіне байланысты жоба қалып қойды. Биыл Денис Жарменов жобаның эскизін Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевке таныстырды.
«Өмірзақ Естайұлы бұл жобаны мақұлдап, бірінші орынбасары Арман Жетпісбайға Түркістан қаласының сәулет және қала құрылысы бөлімімен бірлесе отырып, оны жүзеге асыру үшін мүмкін болатын орынды анықтауға өкім берді», – деді Түркістан облысының ескек есу және желкенді спорт қауымдастығының төрағасы Д.Жарменов.
Бұл жоба іске асса, Қазақстанда су спорт түрлерінің дамуына ықпал етіп қана қоймай, табыс табуға да болады. Сонымен қатар Түркістанда жоғары деңгейдегі жарыстар өткізуге мүмкіндік туады. Ескек есу каналының инфрақұрылымы су және жағажай спортының танымал түрлерін дамытуға септігін тигізеді. Олар: сапбординг, су шаңғысы, ашық суда жүзу, флайбординг, вейксерфинг, канополо, драгонбот және жағажай ойындар футболы, волейбол, гандбол, теннис, регби, бадминтон.
Бұл жоба бизнес тұрғысынан да тартымды. Спорт кешенінде кеңселер, қонақ үйлер, сауда орталықтары, кафелер, спорт және ойын алаңдары, аквапарк, балалар аттракциондары және тағы бас нысандар орналасады. Ал бұл өз кезегінде жаңа жұмыс орындарын құру мен бюджетке салықтардың түсуіне ықпал етеді.