Түркістан облысындағы Әдеп жөніндегі кеңесте бірқатар лауазымды тұлғалардың тәртіптік істері қаралды.
Лауазымды қызмет атқара отыра заң талаптарын бұзған азаматтар әрине жауапкершілікке тартылатыны сөзсіз. Дегенмен қызмет барысында қателікке бой алдыратын шенеуніктер қатары азаймай отыр.
Жетісай ауданына қарасты Атамекен, Жаңа, Жылы су, Асықата кенті, Қазыбек би ауылдық округ әкімдері жұмыстардың толық орындалмағандығына қарамастан, төлем құжаттарға қол қою арқылы жеке кәсіпкерлердің есеп шоттарына бюджет қаржыларын негізсіз аударып отырған. Келісімшарт жасалған соң 2-4 жұмыс күні болса да.
Нәтижесінде, мемлекеттік сатып алу заңнама талаптары бұзылып, мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылық жасағаны үшін аталған лауазымды тұлғаларға «Қызметке толық сәйкес еместігі туралы ескерту» түріндегі тәртіптік жаза қолдану ұсынылды.
Сонымен қатар, өз уақытында жұмысын толыққанды аяқтамаған әлеуетті өнім берушіні заңнамада көзделген мерзімде мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану туралы сотқа жүгінбегені үшін Жетісай ауданының Ш.Ділдабеков ауылдық округі әкімінің де тәртіптік жауапкершілігі қаралды.
Аталған тәртіптік іс бойынша Әдеп жөніндегі кеңеспен ауылдық округі әкіміне «Қатаң сөгіс» түріндегі тәртіптік жаза қолдану туралы ұсыныс енгізілді.
Бұл ретте, отырыста Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы А.Шілманов аталған лауазымды тұлғаларға орын алған кемшіліктер мен бұзушылықтарды алдағы уақытта болдырмау, бюджет қаражаттарын заңнама талаптарын сақтай отырып қолдану және жұмсау жөнінде атап өтті.
Алдағы уақытта лауазымды тұлғалардың құқықтық сауаттылығын арттыру бағытында жұмыстар жүргізілмек.
Атап өту қажет, қазіргі таңда тиісті прокурорлық қадағалау нәтижесінде мердігерлер тарапынан жұмыстар толыққанды орындалды.