Ө. Шөкеев: «Агробизнестегі дәстүрлі технология алысқа апармайды»

100

Түркістандық шаруалар жаңа технологияны пайдаланып, өнімдерін көбейтуде. Облыс диқандары тікелей себу әдісімен 168 мың гектар алқапқа күздік астық егуді бастады.

Бразилиядан алынған дән сепкіш құрылғының көмегімен, масақты дақылдардың түсімділігі 2 есе артқан. Қазығұрт ауданы, «Шарбұлақ» ауылдық округінде өткен семинар-кеңесте ауыл шаруашылығы саласындағы жаңа технологиялардың пайдаланылу жайы талқыланды. Ашық аспан астында өткен басқосуға облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев пен агробизнес өкілдері, аудан, қала әкімдері мен шаруалар қатысты.

Өмірзақ Шөкеев, Түркістан облысының әкімі: «Жаңа технологияларға міндетті түрде көшуіміз керек. Өйткені мына бәсекелестік заманда дәстүрлі технология алысқа апармайды бізді. Біз кірісейік енді осыған. Нольдік технологияны өте белсенді қолға алып жатқан шаруа қожалықтары бар. Бұл жерде батылдық керек. Бізде бір жақсы жері 5 мың гектарлық алқаптар, ол үлкен емес. Елімізде алды миллион гектарға дейін егетін облыстар бар».

Жиында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақов Қазақстандағы мақтаны сатып алу бағасының бекітілуін жариялады. Өңірдегі 18 мақта өңдейтін кәсіпорын шитті мақтаның тоннасын 130 мың теңгеден қабылдауды бастады. Іріленген агроқұрылымдар үшін шитті мақта бағасы әлі де өседі деп күтілуде.

Мақпал РЫСБАЕВА