Шымкент әуежайы келесі аптада саудаға шығарылады

192

Шымкент әуежайы келесі аптада тағы да сатылымға шығарылады. Себебі, конкурсқа бір ғана өтініш түскеніне байланысты сауда-саттық өтпей қалды. Бұл туралы бүгін қала әкімінің орынбасары Мақсұт Исақов мәлімдеді.

Нысан бастапқы бағада, 5,2 миллиард теңге сомасында саудаға шығарылған. Байқау шарты бойынша жеңімпазға кем дегенде алты миллиард теңге инвестиция салып, қарызды өтеу қажет болады.

Әуежай сатылып кеткеннен кейін жергілікті билік өкілдері нысанды жаңартудағы жұмыстарды қадағалай алады. Себебі, стратегиялық маңызы бар нысан 10 жылдан кейін сатып алу құқымен саудаға шығарылып отыр.

Мақсұт ИСАХОВ, Шымкент қаласы әкімінң орынбасары: «Конкурстық құжаттарда көрсетілген әуежайды сатып алатын компания тоқсан сайын, ай сайын өздері атқарып жатқан жұмыстары бойынша есеп беріп отыруы керек. Егер бұл шарт орындалмаса, біз келісімшартты бұзуға мәжбүр боламыз».

Былтыр әуежай қала бюджетіне 100 млн. теңге пайда әкеліпті. Алайда, бұл мұндай нысан үшін тым төмен көрсеткіш дейді билік өкілдері. Бұл қаражат әуежайды күтіп-ұстаудан артылмайтын ақша екенін айтып отыр.

Ал нысан бюджетке табыс әкелу үшін ол замана талабына сай жасақталуы керек. Бұл жұмыстарға алдағы уақытта шамамен 10 млрд. теңгедей қаражат жұмсалуы тиіс екен.

Мақпал Рысбаева