Шымкентте «Төлем» карточкалары сатыла бастады. 15 қазаннан бастап шымкенттіктер қоғамдық көліктерде электронды билеттендіру жүйесімен есеп айырыса алады.

Карточка болмаған жағдайда тұрғындар бірінші қарашадан бастап жол жүру ақысын 100 теңгеден төлейтін болады. Ал мұндай карточкаларды қайда алуға болады?

Көптен бері кейінге қалдырылып келген қоғамдық көліктердегі электронды төлем Шымкентте ақыры жүзе асырылатын болды. Карталар бүгіннен бастап сауда орталықтары мен супермаркеттерге сатылымға шығарыла бастады. Карталарды мынадай арнайы белгілер орнатылған сауда нүктелерінен сатып алуға болады. Карточкалар 500 теңгеден сатылуда.

Карточка сатылатын орындар қаланың халыққа қызмет көрсету және жұмыспен қамту орталықтарында ашылды. Қажымұқан стадионының жанындағы мына шағын дүңгіршек операциялық залда орналасқан. Бүгін ғана ашылған сауда орнын халықтың бірі білсе, бірі білмейді де. Картаны алғашқылардың бірі болып шымкенттік тұрғын Қалдыкүл Ізбасарова сатып алды. Зейнеткер болса да жүрісі көп ол электронды билеттендіру жүйесін тиімді көреді.

Қалдыкүл ІЗБАСАРОВА, зейнеткер: «Бұл бізге, Шымкентке енді ғана жеткен жүйе. Сондықтан да жаңалықты тосырқамауымыз керек. Жүйенің ыңғайлылығы мүның қалай іске асырылатынында болып тұр».

Шымкенттіктер жолақысын картамен 15-ші қазаннан бастап төлейді. Ал төлемнің жаңа жүйесін құнттамаған жолаушы 70 теңгенің орнына 100 теңге төлеуге мәжбүр болады. Дифференциалды тариф жолаушылардың саладағы көлеңкелі бизнесті жоюға атсалысуына сеп болмақ

Ерлан НҰРЛАНҰЛЫ, компания директорының орынбасары: «Қазіргі уақытта барлық көліктерге стационарлы құрылғылар қойылды. Қазір мобильді терминалдар жүргізіліп жатыр. Ол жүргізушлер мен кондкуторларға беріледі».

«Төлем» карточкаларының төрт түрі бар. Стандартты, студенттік және мектеп оқушыларына, тегін жол жүруге рұқсат етілген азаматтарға арналған карталар. Соңғысын Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектер, ерен еңбегі үшін медальмен марапатталған тыл еңбеккерлері, батыр аналар және бірінші топтағы мүгедектер пайдалана алады. Мұндай карталар алдағы күндері ХҚКО-да беріле бастайды.

Мақпал РЫСБАЕВА