Түркістан қаласы белсенді құрылыс пен жаңару жолында тұрғаны белгілі. Күн сайын қалада құрылыс нысандарының бірі басталып, бірі аяқталуда, ал жаңа әлеуметтік нысандар қала тұрғындары үшін өз есіктерін ашуда. Қаланың қарқынды өсуі бизнес алаңдары мен тұрғын үйлер қажеттілігінің артуына алып келуде.
Сол себепті, қазіргі уақытта «Түркістан» ӘКК» АҚ (әрі қарай – ӘКК) Түркістан қаласында «Turkistan Jana-qala» жаңа тұрғын үй массивінде «Арман» және «Сырдария» тұрғын үй кешендерінің құрылысы бойынша жобалар іске асыруда.
Бұл – 1 418 пәтерлік 44 көп қабатты тұрғын үйлер. 2019 жылы 6 тұрғын үйде алғашқы 165 пәтер салынып, сатылды. Ал 2020 жылдың соңына дейін жалпы ауданы 32 864,02 м2 қамтитын 488 пәтерлік 16 үйдің құрылысын аяқтау және оларды сату жоспарда тұр.
Бұдан басқа, Кәсіпкерлікті дамыту және бизнесті тарту үшін өңірдің тартымдылығын жақсарту мақсатында Түркістан қаласының индустриялық аймағының аумағында жалпы ауданы 2 228,30 м2 болатын әкімшілік-тұрмыстық кешен және жалпы ауданы 4 477,8 м2 «Brownfield» – 2 өндірістік ғимарат салу іске асырылуда. Бұл жұмыс орындарының ұлғаюына, өңір тауарлары өнімділігінің және бюджет түсімдерінің өсуіне әкеледі деп күтілуде.