«Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша қалай үй аламыз?

111

Бағдарлама арқылы несие 2 пайызбен беріледі. Шарттары:
* Әлеуметтік осал отбасы ретінде баспана кезегінде болу қажет (көп балалы, толық емес және мүмкіндігі шектеулі баласы бар отбасылар).
* Отбасының әр мүшесінің табыс көзі 2020 жылы 62 366 теңгеден аспауы тиіс (2019 жылы – 42 500 теңге).

1. Бағдарламаға қатысу үшін баспана кезегінде тұратыныңыз, әлеуметтік осал топқа жататыныңыз туралы жолдама алу керек. Биыл карантинге байланысты жолдамаға өтініш онлайн қабылданды.
2. Жолдамамен Тұрғын үй құрылысы жинақ банкіне барасыз. Банк төлем қабілетіңізді тексереді.
3. Өтінім берушінің, отбасы мүшелерінің табысы есептеліп, бар болса – кредит төлемдері ескеріле отырып, несие мақұлданады.
Отбасының табысына ерекше бала күтіміне берілетін жәрдемақыны да қосуға болады. Ол үшін ХҚО-дан және жәрдемақы түсетін банктен соңғы 6 айдағы анықтама алу керек.
Бағдарлама бойынша несиенің шекті мөлшері: Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында – 15 млн теңге, қалған өңірлерде – 10 млн теңгеге дейін.
4. Несие алдын ала мақұлданған соң өзіңіз сатып алатын үй (пәтер) іздейсіз. Берілетін мерзім – 6 ай.
5. Тапқан баспананы банк аккредитациясынан өткен тәуелсіз бағалаушыларға бағалатасыз.
Мысал: үйді сатушы 15 миллион теңгеге сатпақ. Бағалаушы оны 14 млн теңгеге бағаласа, банк те сізге несиені осы көлемде береді. Ал сатушы 14 млн теңгеге сатуға келіспесе, баға айырмасын өзіңіз төлейсіз немесе басқасын іздейсіз.
6. Сатушымен келіскен соң, сату-сатып алу келісім-шартын жасайсыз. Ол құжатты банк филиалындағы нотариуста немесе басқа кез келген нотариуста рәсімдеуге болады.
7. Келісім-шартты ХҚО арқылы әділет органдарында тіркеуге өткізесіз.
8. Тіркелген соң банкпен жылжымайтын мүлікті кепілге алу келісім-шартын жасайсыз (6-7-қадамдар бірер күннен бастап бір аптаға дейін созылуы мүмкін).
9. Бағдарлама шарты бойынша пәтер құнының кемінде 10 % көлемінде алғашқы жарна құю қажет.
Өтініш беруші жарна ретінде Тұрғын үй құрылысы жинақ банкінде жинаған қаржысын пайдалана алады.
Ал ондай есеп-шот болмаса, жаңадан ашып, қаржыны бірден құюға да болады.
Жергілікті әкімдік тарапынан пәтер құнының алғашқы жарнасын өтеу мақсатында, әлеуметтік әлсіз топтарға қолдау ретінде 1 миллион теңгелік тұрғын үй сертификаттарын беру қарастырылған.
Оны алудың да өз шарттары бар және жылдың белгілі бір мерзімінде беріледі.
10. Сонымен, несие мақұлданды. Төлем графигіне қол қойылған соң сізге берілген несие үй сатушының есеп-шотына аударылды.
Осылайша сату-сатып алу келісім-шарты жасалғаннан бастап ақша сатушының қолына жеткенше бір аптаға дейін уақыт өтуі мүмкін. Жылжымайтын мүлікті банк арқылы рәсімдеудің бір ерекшелігі – осы.
Сатушыға осы мәселені алдын ала ескертіп, келісіп алғаныңыз дұрыс.

Нұрлан Бектаев,
«Тұлға.kz» жобасы

«Оңтүстік Рабат», №46, 12 қараша 2020 ж