Кімді жұмыстан қысқарта алмайды?

231

18 жасқа дейінгі ерекше баласы бар жалғызбасты аналарды (баланың әкесін, апасын, әпкесін, заңды өкілін) жұмыстан қысқартуға, шығаруға болмайды. Ол үшін тиісті құжаттарды (мүгедектігі туралы анықтамамен бірге) ұсыну қажет.
Дереккөз: ҚР Еңбек кодексі (54-бап, 2-тармақ)

Ерекше бала тәрбиелеуші жалғызбасты ананы мына себептермен жұмыстан шығаруға болмайды:
* Жұмысшылар санын немесе штатты қысқарту;
* Өндіріс көлемі, орындалатын жұмыс және көрсетілетін қызмет көлемінің төмендеуі салдарынан жұмыс берушінің экономикалық жағдайының нашарлауы.

Тағы кімдерді жұмыстан шығару болмайды?
1. ҚР Еңбек кодексінің 54-бабына сәйкес:
Еңбекке уақытша жарамсыз және еңбек демалысында жүрген қызметкермен келісім-шартты үзуге болмайды (Еңбек кодексінің 52-бабының 1-тармағы, 1), 18), 20) және 23) тармақшаларында көрсетілген жағдайдан басқа);

2. ҚР Еңбек кодексінің 52-бабына сәйкес:
12 апталық жүктілігінің анықтамасы бар әйелдерді, 3 жасқа дейінгі баласы бар аналар мен 14 жасқа дейінгі бала тәрбиелейтін жалғызбасты аналарды (әкесін, апасын, әпкесін) штат саны және өндіріс көлемінің қысқаруына байланысты жұмыстан қысқартуға болмайды.

3. ҚР Еңбек кодексінің 53-бабына сәйкес:
Зейнет жасына 2 жылдан аз қалған қызметкерді жұмыстан қысқартуға болмайды (Егер жұмыс беруші мен жұмысшы тараптың тең өкілдерінен құралған комиссияның тиісті шешімі болмаған жағдайда).

Ескеретін жайт:
Жоғарыда көрсетілген тұлғаларды жұмыстан шығаруға тура келетін себептер бар. Олар:
* Жұмыс орны жабылса;
* Жұмысқа себепсіз келмесе, коммерциялық немесе қызметтік құпияны бұзса, жұмыс орнында ұрлық жасаса;
* Жұмысқа орналасуда жалған құжаттар ұсынса.

Нұрлан Бектаев,
«Тұлға.kz» жобасы

«Оңтүстік Рабат», №46, 12 қараша 2020 ж