Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрінің 2020 жылғы 25 қарашадағы №39 бұйрығына сәйкес азаматтық қорғау полковнигі Нұрболат Бекболатұлы Дербісов Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі Өртке қарсы қызметі комитетінің төрағасы лауазымына тағайындалды.

Нұрболат Дербісов қызмет атқару кезеңінде кіші және аға басшы құрамының түрлі лауазымдарда болып, мемлекеттік өрт бақылау инспекторынан бастап, Оңтүстік Қазақстан облысының ТЖ департаменті бастығының орынбасары, кейін осы департаменттің бастығы лауазымына дейін жетті. Жоғары патриоттық сезімі мен аянбай еткен еңбегінің арқасында арнайы «азаматтық қорғау подполковнигі», «азаматтық қорғау полковнигі» шендері мерзімінен бұрын берілген.

Қала аумағында 2017 жылы «Мұнай өнімдері» ЖШС аумағында ірі өртті сөндіру барысында ерлігі мен адал қызметі үшін «Айбын» орденімен марапатталды.
Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы лауазымында 2018 жылдан бастап атқарған. Қызмет барысында қала аумағында түрлі төтенше жағдайларды алдын алуға, орын алған оқиғалардың салдарын жоюға үлес қосып келген. Жергілікті атқарушы органдарымен тығыз байланыста жұмыс атқарып, өрт сөндіру қызметінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға үлкен үлес қосқан.

Туған елге деген сүйіспеншілік арқылы парасатты да рухы биік ізбасарларын тәрбиелеу жолында дарынды ұйымдастырушы қырынан көрініп, қоғам игілігіне бағыттап отырған ерен еңбегі бағаланып отыр.

Еліміздің Мемлекеттік азаматтық қорғау жүйесінің дамуына өзіндік үлес қосып, қызметтің ең қызықты да қиын салаларын абыроймен атқарып, қажыр-қайратыңыз арта берсін!