Шымкент жоғары медициналық колледжіне – 90 жыл

1124

Шымкент жоғары медициналық колледжіне биыл – 90 жыл. Өткен ғасырдың 30 жылдары санитар-дәрігерлерінің көмекшісін даярлайтын техникум болып ашылған білім ордасы 2018 жылы жоғары медицина колледжі мәртебесіне ие болды. Осы уақытқа дейін колледж қабырғасынан шыққан түлектердің саны 31 мыңға жеткен.

Шымкент медициналық колледжінің 90 жылдығы аясында білім ордасында «Инновациялық технологияларды білім беру үрдісіне енгізу: қызығушылық, ізденіс, ытымақтастық» тақырыбында онлайн режимде халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Онда 8 мамандық бойынша жоғары білікті орта буын медицина қызметкерлерін дайындайтын оқу ордасының жетістіктері, алға қойған жоспарлары паш етілді.

Шымкент жоғары медициналық колледжі бүгінгі күні мейірбике ісі, емдеу ісі, гигиена-эпидемиология және лабораториялық диагностика, фармация мен стоматология, соңғы екі жылда қолданбалы бакалавр біліктілігімен мейірбике мамандарын даярлайды.

Колледждің 164 оқытушысы жоғары білікті өз кәсібінің шеберлері. Олардың 2-уі ғылым кандидаттары, 21-і ғылым магистрлері.

«Біздің түлектердің арасында мақтан тұтатын апайымыз – Халықаралық «Қызыл Крест» Комитетінің «Флоренс Найтингейл» медалінің қазақстандық екінші иегері, лейтенант — Разия Шәкенқызы Ысқақова. Қызылорда облысының тумасы  1936 жылы жеті жылдық мектепті бітірген соң Шымкент қаласындағы медициналық училищені бітіріп, фельдшер мамандығын алады. 19 жасында  әскери фельдшер болып соғысқа аттанады. Кеңестер Одағының құрметті қан тапсырушысы болып қаншама адамның ажалдан арашалануына септігін тигізді. Бейбіт өмір кезіндегі еңбегі үшін «Денсаулық сақтау саласының үздігі» белгісімен марапатталды. Разия апайдің өмірлік жолы колледждің тарихында  өз орнын алды»,-дейді әдіскер Гүлмира ДӘРІБАЕВА

«Мен осы колледждің түлегімін. Оқуды университетте жалғастырып, қайта білім ордасына оралдым. Бүгінде  жастардың өз таңдаған мамандықтары бойынша білім алуына  оқу ордасында барлық жағдай жасалған. Мүмкіндікті пайдалана отырып, әріптестерімді, студенттерді, жерлестерімді  колледждің 90 жылдық мерей тойымен құттықтаймын. Барлығымыз үлкен жетістіктерге жете  берейік»,- дейді колледждің жалпы кәсіптік және арнайы пәндер бірлестігінің төрайымы  Лайла СЕРІКОВА.

Білім ордасының бірінші қабатындағы мұражай ешкімді бейжай қалдырмайды. Мұнда Шымкент медициналық колледжінің 90 жылдық тарихы жайлы сыр шертетін жәдігерлер, медициналық құрылғылар мен жабдықтар қойылған. Бұдан бөлек, үлкен белестерді бағындырған шәкірттердің фотогаллереясы да осында.

Шынар Оразова