Тұңғыш Президент күні мерекесіне орай, «Шымсити» шағынауданында жаңа №135 мектеп пайдалануға берілді.
1200 орынға шақталған білім ордасының мүмкіндіктерімен шаһар басшысы танысып, оқушылардың Тәуелсіз еліміздің білгір де, алғыр азаматтары болуына тілегін жеткізді.
Жаңадан ашылған №135 зәулім мектеп оқушылары арнайы жаттаған өлең-шумақтарын әкімнің өзіне оқуға мүмкіндік алды. Балалардың өнеріне жоғары баға берген қала әкімі білім ордасын аралауға кірісті. Кең әрі ашық сыныптарда бастауыш сынып оқушылары ұстаздарының тапсырмаларын алдындағы ноутбук арқылы орындауда.
Ал мына ұл-қыздардың ағылшын тілін тез меңгеруіне цифровизацияның көмегі орасан. Шаһар басшысы осылайша әрбір сыныпқа кіріп, балалардың дәріс алу әдісі және мектептің мүмкіндіктерімен етене танысты. Оқу бағдарламасында озық технологиялар пайдаланылуда. Арнайы жабдықтармен қамтылған сынып бөлмесінде қыз балалар технология сабағында тұрмыста қажет дағдыларды үйренуде. Жаңа мектептегі спорт залында балалар денелерін шынықтырып қана қоймай, интеллектуалды спорт түрлерімен айналысуға мүмкіндік алады.
Айта кетейік, 2020 жылы 13 мектептің және 2 өнер мектебінің құрылысы жүруде. Нәтижесінде, келер жылы апатты мектептердің саны 2-ден бірге, үш аусымды мектептер саны 19-дан 14-ке қысқарады. 2023 жылға дейін бұл мәселе толығымен шешімін табады деп сендірді қаланың бас педагогы Жанат Тәжиева: «Бұл жаңа мектептен бөлек, «Шымкентситиде» 4 мектептің құрылысы басталады. Бірі зияткерлік, екіншісі халықаралық. Жер телімі анықталып, инвесторлар табылып құрылысы басталды» деді.
Келер жылы 5 мектеп оның ішінде 2 жаңа және 3 қосымша мектептің құрылысы аяқталып, пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.
Шынар Оразова