Түркістан облысы, Төлеби ауданында сотталғандар қала тазалап жүр. Пробация есебінде тұрған азаматтар осылайша жазаларын өтейді.
Негізінен ұрлық жасап, есірткі өсірем деп ұсталған олардың саны Түркістан облысы бойынша — 3692. Бүгінде олардың 189-ы қоғамдық жұмысқа тартылған.
Төлеби ауданының тұрғыны Евгений Карамышевтың аула тазалауға кіріскеніне бір айдан асқан. Ол бұл жұмыста ақша табу үшін жүрген жоқ. Жазасын өтеуге келген. Сөзінше, өз үйінің алдында көкнәр өсірем деп учаскелік полицейлерге ұсталған. Енді міне 100 сағат бойы саябақ пен қала ішін ақысыз тазалауға мәжбүр.
Евгений КАРАМЫШЕВ, жазасын өтеуші: «Бұған дейін мұндай жұмыс істеп көрмеппін. Берілген жаза бойынша мен 100 сағат бойы осылай жан-жақты тазалауым керек. Егер одан бас тартсам, пробация қызметің менің ісімді сотқа өткізіп, бас бостандығымнан айырады. Түрмеге барғым келмейді. Сондықтан осы жерде аула тазалап жүрмін».
Евгений секілді жазасын аула тазалап өтеп жүргендер саны Түркістан облысында — 189. Олардың барлығы да пробациялық орталықта тіркеуде тұрғандар. Жауаптылардың айтуынша, сотталғандар негізінен есірткі өсіріп, ұрлық жасап жаза басқандар. Қылмыстың ең жеңіл түрі болғандықтан олар түрмеге тоғытылмаған.
Айдар НҰРСЕЙІТОВ, ТО бойынша қылмыстық атқару жүйесі департаменті бастығының орынбасары: «Егер де осы жұмыстардан себепсіз бас тартса немесе жалтарған жағдайда пробация қызметі тарапынан тиісті іс-құжаттар жинақталып, сотталғанды қамаққа алуға сот шешім қабылдау үшін сотқа ұсынады. Жыл басынан бері қоғамдық жұмысқа тартылған сотталғандар тарапынан ондай жалтару немесе себепсіз бас тарту орын алған жоқ».
Түркістан облысы бойынша бүгінде пробациялық орталықта 3692 азамат тіркеуінде тұр. Енді олардың барлығы кезекпен осылайша ақысыз жұмыс істейтін болады. Берілген жазасына байланысты бірі 20 сағат, тағы бірі 1200 сағат ақысызқоғамдық жұмысқа тартылатын болады.
Назерке Үкібасова