Шымкентте бокстан жастар арасындағы Қазақстан чемпионаты аяқталды

91

Шымкентте бокстан жастар арасындағы Қазақстан чемпионаты аяқталды. Оған еліміздің түкпір-түкпірінен спортшылар қатысқан.

Жерлес боксшылар да өз өнерін паш еткен болатын. Биылғы ең ірі чемпионат қалай өтті және біздің спортшылар үшін қандай нәтижелермен аяқталды?

Жойқын соққылар мен жарқын сәттер, жеңіс қуанышы және сәтсіздікке ұшырау. Бір апта бойы Шымкентте бокстан Қазақстан Республикасының чемпионаты өтті. Бұл биылғы жылдың ел аумағындағы ең ірі жарыс. Чемпионатқа елдің түкпір-түкпірінен боксшылар жиналды.

Рингтің қызыл бұрышында – Фариза Шолтай, Шымкенттің атынан қатысып отырған боксшы қыз, көк бұрышта оның қарсыласы – Қарағанды облысының өкілі Виолетта Князева. 25 жастағы спортшы әйелдер арасында 81 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсетуші.

Шымкенттік спортшы рингте өзін лайықты ұстап, соққылардан шеберлікпен сытылып жүрді. Қажет кезінде өзінің соққыларын да дарыта білді. Әділ-қазылардың шешімі бойынша Фариза Шолтай жеңіске жетіп, ел чемпионатының алтын медалін жеңіп алды.

Фариза Шолтай, Шымкент қаласынан бокстан ҚР чемпионатына қатысушысы: «Жекпе-жек оңай болған жоқ, себебі қарсылас әлсіз емес, бәрін өздеріңіз көрдіңіздер. Бұл өте маңызды жеңістің бірі болды, бәрі шешілетін сәт».

Еңбек сіңірген спорт шебері, 2016 жылғы әлем чемпионы, 27 жастағы Дина Жоламанның жекпе-жегі әсерлі және есте қаларлықтай болды. Ақмола облысының намысын қорғаушы 54 келіге дейінгі салмақта өнер көрсетті. Рингте спортшы өзін сенімді ұстады. Динаның өз қабілетіне күмәнданбайтындығы анық көрінді. Оған жеңістің бұйыруы да таңқаларлық жағдай емес. Спортшы қыз үшін бұл ел біріншілігінің оныншы алтын медалі.

Дина ЖОЛАМАН, Ақмола облысынан бокстан ҚР чемпионатының қатысушысы: «Бұл менің осы чемпионаттағы төртінші жекпе-жегім, алдыңғы үшеуі де қиын болған жоқ. Бүгін өзімді жақсы сезіндім. Жалпы, барлығына көңілім толды. Биылғы жыл туралы спортта айтарлықтай ешнәрсе айта алмаймын, біз бәрін күтіп жүріп, жаттығу жасадық. Ақырында міне, көптен күткен чемпионат та болды».

Рингте шымкенттік 19 жастағы Махмуд Сабырхан ешкім күтпеген нәтиже көрсетті. Финалда боксшы олимпиадалық лицензия иегері, еңбек сіңірген спорт шебері түркістандық Сәкен Бибосыновпен жұдырықтасты. Боксшылар 52 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде бақ сынады.

Шымкенттік спортшы жеңіске жетті. Бұл салмақ дәрежесіндегі белбеу мен ел чемпионы атағы енді Махмуд Сабырханға тиесілі.

Махмуд САБЫРХАН: Шымкенттік боксшы: «Ересектер арасындағы алғашқы чемпионатымда алтын медаль жеңіп алғаныма қуаныштымын. Басынан бастап тәжірибелі Сәкен Бибосыновты жеңуді мақсат еттім, өйткені өткен жылғы Президент кубогында мен оған судьялардың шешімімен жол бердім. Менің бойым аласа, сондықтан да жақын қашықтықта жұдырықтастым. Жеңіске өте қуаныштымын. Болашақта ел абыройын табысты қорғағым келеді».

Чемпионаттың соңғы күні Ұлттық Олимпиада комитеті Спорт дирекциясының басшысы Елсияр Қанағатов марапатталды. Оған «Динамо» дене шынықтыру-спорт қоғамдық бірлестігі Шымкент қалалық филиалының 95 жылдығына арналған төс белгі бұйырды. Марапатты қоғамдық бірлестік төрағасының бірінші орынбасары Асқар Омарқұлов салтанатты түрде табыстады.

Елсияр Қанағатов, ҚР Ұлттық Олимпиада комитеті спорт дирекциясының басшысы: «Пандемияға байланысты өкінішке қарай Қазақстанда сайыстар аз өтті. Бірақ біздің ұлттық құрама жаттығуды тоқтатқан жоқ. Ал, бүгінгі жарыс менің ойымша жоғары деңгейде болды. Жалпы міндетті түрде болуы керек чемпионат. Келесі жыл олимпиада жылы».

Биыл бокстан ел чемпионатын ұйымдастыру оңай болған жоқ. Жекпе-жектің барлығы көрерменсіз өтті. Жарыста барлық санитарлық-эпидемиологиялық нормалар сақталды.

Олжас Айдарбек