Кіре берісте жарақат алған әжей ауруханаға жатудан бас тартты

226

Мына кадрларда арам ойын жүзеге асырмақшы болған ер азамат шылымын қайта-қайта тартып, қобалжулы отырған секілді. Кейін үйінің кіреберісінде тұрған 70 жастағы әйелді қылқындырып құлатып, зейнеткерді зорламақшы болады.

Сол кезде орнынан тұруға талпынған зейнеткерді бірнеше рет ұрып, есінен тандырып тастайды. Осы сәтте ер кісі орнынан атып тұрып, қашып кетеді. Бұған дейін де бірнеше рет сотты болған күдіктінің азғындық әрекеті сол жерде орнатылған бейнебақылау камерасына түсіп қалып, әлеуметтік желіде желдей есті.

Оқиға орнына жеткен пагондылар 1950 жылы туған зейнеткерді зорламақ болған ер кісінің жеке басын анықтаған. Ол Шымкент қаласының тұрғыны, бұған дейін бірнеше рет сотталған екен. Қазір арам пиғылды арамзаға іздеу жарияланды. Оқиғаның орын алғанына үш күн өтсе де күдікті әлі қолға түспепті. Аталған жағдай бойынша, қылмыстық кодекстің зорлауға әрекет ету бабы бойынша іс қозғалды.

Ералы ЖҰМАХАНБЕТОВ, Шымкент қалалық ПД бастығы: «Қазіргі таңда ұстау шаралары жүргізіліп жатыр. Ол азамат бірнеше рет сотты болған. Одан кейін сол азаматтың басқа да қылмысқа қатысы бары анықталған. Тонау бар, сосын зорлау да болған».

Ал, зардап шеккен зейнеткердің көршілері ешқандай айқай шуды естімедік деп отыр. Айтуларынша, егде жастағы әйел көрші-қоландармен араласпайтын, жалғыз басты екен. Ал, аулаларында бұндай жағдайдың орын алғаны сол маңдағы тұрғындардың зәре құтын қашырыпты. Бұған дейін дәл үйімізге жапсарлас тұрған саунаны жаптырғанымызда, енді міне үйіміздің айналасы толған маскүнемдер дейді жәбірленушінің көршілері.

Зорлауға әрекет ету бабының құрбаны болған 70 жастағы зейнеткер дәрігерлер көмегіне оқиға болған күннің тек ертеңіне жүгініпті. Қалалық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, ауруханаға жеткізілген науқасқа алғашқы ем-дом шаралары көрсетілгеннен кейін, ол ауруханаға жатуға өз еркімен бас тартыпты. Қазіргі таңда жағдайы қанағаттанарлық әрі дәрігерлер бақылауында екен.

Ғалымжан Кенжебек