Тәуелсіздік күні қарсаңында ашылған нысандарды аралаудың алғашқысы әжетханаға арналған кілемше шығаратын цехтан басталды.
Шымкенттегі «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында орналасқан «Бал-Декор» ЖШС өкілдері әлемде жоқ кілемше шығарамыз деп отыр. Бұл кілемшенің ерекшелігі сол — заманауи, жерде жатқанда тайматын және жууға болады дейді. Ал, бағасы 8500-12000 теңге аралығында тұрады, бұл өнімдер сатылым сөрелеріне келесі жылы шығарылады.
Огуз ДУУРУ, «Бал-Декор» ЖШС -нің директоры: «Екінші кезеңде қалдықтардан көрпе, көрпеше және жастық жасаймыз. Сол кезде ешқандай қалдық қалмайды. Ал, өзіміздің тұтынушыларды толық қамтамасыз еткен соң, экспортқа шығару жоспарда бар».
Ал, индустриалды аймақта орналасқан қорғасын және қара мыс шығаратын кәсіпорынның жаңа цехы дәл осы тәуелсіздік күні ашылыпты. Айына 1000 тонна қара қорғасын және 200 тонна қара мыс өндіретін кәсіпорын мамандары ішкі және сыртқы сұраныстарды қамтамасыз етіп отырмыз дейді.
Дайын өнімге қолқа салатындар қатарын Ресей мен Қытай бастап тұр екен. Десе де, пандемия салдарынан өнімдердің көбісін шетелге шығара алмағандықтан, Өскеменге тасымалдауды қолға алыпты. Кәсіпорын жұмысы экологияға ешқандай зиян келтірмейді дейді мұндағы қызметкерлер және барлық шикізатты шетелден дорбаламай, өзімізден алады екен.
Ал, «Beskuduk Tas» компаниясының қызметкерлері өз өнімдеріне 1 ғасыр кепілдік беруге дайын. Кез — келген ғимараттың іші-сыртын әрлейтін өнім шығаратын кәсіпорында 98 адам жұмыс істейді. Дайын өнімнен қалған қалдықтардан кірпіш дайындап, сатылымға 50 теңгеден шығарады. Ал, қаламыздағы үйлердің қас бетін әрлеу жұмыстарына осы компанияның өнімдері пайдаланылыпты.
Жоғарыда аттары аталып, түстері түстелген кәсіпорындардың бірі де мемлекеттен бір тиын алмадық деп отыр. Керісінше, салық төлеу арқылы көмегімізді тигізіп отырмыз дейді. Ал, кәсіпкерлерге қолдау көрсетушілер сан алуан мемлекеттік бағдарламалар жетіп жатқанын айтып мақтанды. Бастысы, құлшыныс болса, қаржы табылады деп отыр.
Сонымен қатар, алдағы уақытта қаламызда жаңадан тағы бір индустриалды аймақ құрылмақ, бүгінде жұмыстар қарқынды жүруде. Және ол кәсіпкерлік саласының дамуына тағы да серпіліс береді деп сендірді жауаптылар.
Ғалымжан Кенжебек