«Bal-Tekstil» кілем фабрикасы Мақтааралға 6 млн. теңгелік кілем алып келді

486

 

Тасқын судан зардап шеккен Мақтаарал ауданына көмек қолын созудан Шымкенттегі «Bal-Tekstil» кілем фабрикасы да шет қалған жоқ. Бүгін Атакент ауылындағы облыстық штаб қоймасына жалпы сомасы 6 млн теңгелік 404 кілем келіп жетті.

Аталған кілем керуенін «Nur Otan» партиясы саяси кеңесінің мүшесі, «Bal-Tekstil» кілем фабрикасының директоры, белгілі кәсіпкер-меценат Талғат Исқақов мақтааралдықтарға деп арнайы сый ретінде жөнелтіпті.

«Мақтаарал ауданындағы су тасқынынан 6 мыңға жуық тұрғын зардап шекті. Мыңға жуық отбасы баспанасынан айрылды. 8 мың гектарға жуық егістік жер мен мал-мүліктерін су шайып кетті. Осыны ескере отырып, біздің ұжым да Мырзашөл халқына көмек қолын созуды азаматтық борышымыз деп санаймыз. Біз жіберген кілемдер жаңа үйге кіріп, қоныс тойын тойлайтын тұрғындарға тегін таратылатын болады», – дейді «Bal-Tekstil» кілем фабрикасының директоры Талғат Исқақов.

Қоймаға келіп түскен кілемдердің көркі көз тартады. Көлемдері де сан қилы. Үйге төселетін шағын әрі ірі кілемдер облыстық штабтың арнайы жиһаз, көрпе-төсек жиналатын қоймасына түсірілді

Айта кетейік, бүгінде облыстық штаб қоймасында 300 мың тоннадан астам гуманитарлық көмек келіп жеткен. Оның 91 мың тоннасы эвакуация орындарына таратылып берілген.

 

 

QAINAR KÓZТүркістан облысы өңірлік коммуникация қызметі