Әйгілі «Ер Тұғырыл» фильмінің режиссері Қасым хан жайлы кино түсірмек

382

ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мен Түркияның белгілі режиссері Метин Гюнай Отырар ауданына барып, Отырар қалашығын аралады.

Ұлы Жібек жолы бойындағы мәдениет пен руханияттың орталығы атанған көне қала Отырарға жасалған сапардың мақсаты – қазақ хандығы мен тарихы, даңқты батыр Қасым ханның ел болашағы үшін аянбай сіңірген еңбегі жайлы тарихи фильм түсіруді киелі Отырар жерінен бастау, тамыры терең тарихымыз бен батырлар жолын тек Қазақстанға ғана емес дүниежүзіне таныту. Осы орайда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың арнайы шақыртуымен ауқымды жобаны қолға алған танымал режиссер Метин Гюнай жылдың төрт мезгілін де қамти отырып үш жыл ішінде көп сериалы тарихи фильм түсіруді қолға алған. Кино арқылы еліміздің ұлы тұлғаларын әлемге таныту мақсатында ҚР Мәдениет және спорт министрлігі кеңінен қолдау танытуда.

«Ер тұғырыл» киносының режиссері Метин Гюнай Елбасының шақыруымен Қазақстанға келіп үлкен жобаны қолға алуда. Қасымхан жайлы киноның сценарийін керемет етіп жазып шықты. Бұл жоба – күрделі әрі ауқымды болғандықтан біз жан-жақты дайындық жұмыстарын жүргізіп жатырмыз.

Мақсатымыз өнердің барлық саласының жұмыстарын бір жүйеге келтіріп тоғыстыру. Осы ірі жобалардың арқасында көне қалаларымыз Отырар, Сауран, Сарайшықтарды дүниежүзіне паш ету. Аталған ірі жобалармен қатар тарихи орындарға реставрациялық жұмыстар жүргізіледі. Археологиялық қазба жұмыстары арқасында да көптеген деректер табылды. Оларды да танытып, тарихымызды жандандыруымыз тиіс.Тарихымызды шығару арқылы дүниежүзі туристерін Қазақстанға шақыра аламыз»,- деді Арыстанбек Мұхамедиұлы.

«Ата топырағымызға келгеніме қуаныштымын. Осы өлкені маған арнайы келіп таныстырған министр Арыстанбек Мұхамедиұлына ерекше алғысымды айтамын. Біздің тарихымыз ортақ. Тарихи тұлғаның өмірі жайлы түсірілім бастауды қолға алып жатырмыз. Дәл қазір біздің түсірілімге келетін ыңғайлы орындармен танысып жатырмыз. Үлкен іс жасауды жоспарлағандықтан шынайы, тарихи жерлерді қарастырудамыз. Тағы да үш мекен жоспарда бар»,- деді Метин Гюнай.