«Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне (Салық кодексі) енгізілген толықтырулар мен өзгетулерге сәйкес, қосылған құн салығы (ҚҚС) бойынша жаңа салық жеңілдіктері қолданысқа енеді.
ҚҚС-тан босатуды көздейтін жаңа нормалар
Жаңа нормаларға сәйкес, өткізу орны Қазақстан Республикасы болып табылатын мынадай тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді өткізу бойынша айналымдар ҚҚС-тан босатылады. Осылайша:
1) бір мезгілде мынадай шарттар сақталған кезде:
— арнайы экономикалық аймақтарының аумағында қызметін жүзеге асыратын ұйымдармен тауарларды беруге арналған шарт (келісімшарт) болса;
— арнайы экономикалық аймаққа қатысушыға тауарлардың тиеп-жөнелтілгенін растайтын құжаттар болса;
— арнайы экономикалық аймаққа қатысушы – сатып алушының тауарларды алғанын растайтын құжаттар болса, арнайы экономикалық аймақтардың аумағында басым қызмет түрлерін жүзеге асыру кезінде өндірілетін және өткізілетін тауарларды;
2) Дүниежүзілік пошта одағына мүше басқа елдердің тағайындалған операторларының халықаралық пошта жөнелтілімдерін Қазақстан Республикасының аумағы арқылы транзиттеу бойынша тағайындалған оператордың Дүниежүзілік пошта одағының актілеріне сәйкес бірыңғай құжаттармен ресімделген көрсетілетін қызметтерін өткізу бойынша айналымдар;
3) қалалық (ауылдық), қала маңындағы, ауданішілік, ауданаралық (облысішілік қалааралық) қатынаста автомобиль көлігімен, сондай-ақ трамвайлармен жолаушылардың әлеуметтік маңызы бар тасымалдарын жүзеге асыру жөніндегі көрсетілетін қызметтерді өткізу бойынша айналымдар қосылған құн салығынан босатылады.
Аталған толықтырулар Салық кодексінің 394-бабына енгізілген.