«Шаңырақ» орталығында үкіметтік емес ұйым өкілдері меморандумға қол қойды

252

Шымкент қаласының «SHANYRAQ» орталығында қайырымдылықпен айналысып жүрген үкіметтік емес ұйым өкілдері бас қосты. Кездесудің мақсаты – келешекте бірлесе жұмыс жүргізу, көпбалалы, мұқтаж отбасыларға қолдау көрсету барысында өзара ынтымақтастықты жүзеге асыру.

«Дөңгелек үстел» форматындағы жиында 7 ұйым («Жария» ҚҚ, VOLONTER_SHYMKENTA, «Мобил плюс көмек» ҚҚҚ, «Сана-Сезім» әйелдер бастамаларының құқықтық орталығы» ҚБ, Клуб Добряков Шымкента, «АSAA» МОО, «Джанин» ҚҚ) өкілдері өздерінің жобалары туралы әңгімелеп берді. Бүгінде әр ұйым көпбалалы, мұқтаж отбасылардың аяқтан тұрып кетуіне үлес қосып жүр.

Атап айтқанда, «Джанин» ҚҚ мұқтаж аналарды жұмысқа орналастыру бағытында, «Сана-Сезім» әйелдер бастамаларының құқықтық орталығы» ҚБ құжат алуда қиындыққа ұшыраған отбасыларға көмек қолын созады. «Жария» ҚҚ тегін киім тарату, азық-түлікпен қамтуды ұйымдастырса, VOLONTER_SHYMKENTA тегін киім тарататын әлеуметтік дүкен ашқан. Ұйымдар келесі жылы бірқатар жобаларды жүзеге асыруды жоспарлап отыр.

Іс-шара соңында қайырымдылық ұйымдарымен меморандум жасалды. Меморандум аясында мемлекеттік мекемелер мен ҮЕҰ арасында диалог алаңын ұйымдастыру, әлеуметтік саладағы ең өзекті мәселелерді бірлесіп қарастыру арқылы Шымкент қаласында көпбалалы, мұқтаж отбасыларға жан-жақты көмек көрсету бойынша бірлескен іс-қимылдарды жүзеге асыру көзделуде.

Айта кетсек, «Шаңырақ» орталығы Қаратау, Еңбекші ауданы бойынша Бәйдібек би даңғылы, 32 а мекенжайында, Абай, Әл-Фараби ауданы бойынша Әл-Фараби алаңы, 3/2 мекенжайында орналасқан.