Шымкенттегі №4 мектептің бір топ мұғалімдеріне 6 айдың зейнетақы, әлеуметтік сақтандыру, медициналық сақтандыру жарнасы түспеген. Осылай деп шағымданған ұстаздар соның кесірінен көп көмектен құр қалдық деп отыр.
Ал, олар бұл жағдайдың орын алуына мектеп директорын кінәлайды. Білім ордасында бұдан да басқа былықтар көп деген мұғалімдермен тілдесіп қайттық.
Бұл ұстаздар жарты жылдан бері өздерінің айлықтарынан ұсталып, аударылатын міндетті жарналардан құр қалған. Осының салдарынан Шымкенттегі №4 мектептің бір топ педагогының бірі декреттік қаржыға қолы жете алмаса, ал енді бірі мемлекеттік баспана бағдарламасына кезекке ілінбепті. Ал, бұл жағдайға олар мектеп басшылығын кінәлап отыр.
Ұстаздардың айтуынша, бір жылдың ішінде білім ордасының басшысы біраз мұғалімге мәжбүрлі түрде жұмыстан кетуге арыз жаздырып, қызметінен босатып отырған көрінеді. Олардың арасында бірнешеуі сотқа шағымданып жүріп, жұмыстарына қайта оралыпты.
Феруза ӨБЕЕВВ, мұғалім: «Соттаспас бұрын біз өз еркімізбен жазбағанбыз, бізді шақырып алып кабинетіне «қазір жазып бермесеңіздер статьямен кетіремін, оған амал табамын» деп бізді қинап жаздырып алған болатын. Біз ерігіп жүрген жоқпыз. Кім қазір өз еркімен жұмыстан кетеді? Барлығымыз жалғыз басты, көпбалалы анамыз. Біз соны дәлелдегеннен кейін сот бізге қарай шешім қабылдады».
Бұнымен қоса ұстаздар мектеп директорының кадрлық бизнеске қатысы бар дейді. Өздерінде сағат аз болса да, жұмысқа жаңадан мұғалімдер алатындығын айтады. Онсыз да жарты мөлшерлемемен жұмыс істеп жүрген мұғалімдердің директор бірде сағатын азайтып, кейін қайта қосып былықтырып отыр дейді ұстаздар.
Мұғалімдерден бөлек, мектеп оқушысының ата-анасы да өз шағымын айтып қалды. Сөзінше, мектепте орынсыз ақша жиналады екен. Жиналған қаржы сыныпқа шелек, антисептик тағы да басқа керек жараққа жұмсалатын көрінеді.
Ұлболсын БАЗАБЕКОВА, ата-ана: «Бүгін немеремді жібергем, СЭС келеді деп қайтарып жіберген. Сонда біздің басшылар қайда қарап отыр. 500 теңгеден жинады әрбір ата-анадан. Басшы қайда қарап отыр? Басшысы айтпаса, мұғалім қайдан шығарады оны».
Ұстаздар директормен соттасып қайта жұмысқа оралған соң, мектеп басшысына қатаң сөгіс беріліпті. Бірақ білім ордасының басшысы ұстаздардың айтқанының ешқайсысы шындыққа жанаспайды дейді. Тіпті мектепте ақша жиналатынынан бейхабармын, қаржы жинауға пәрмен бермегенмін деп ақталды. Сыныпқа керек-жарақтың барлығы білім ұясы тарапынан тегін беріледі деп отыр.
Дамира МАНКЕЕВА, №4 жалпы орта мектеп директоры: «Жоқ, ешқандай кадрлық бизнес бізде жоқ. Ақша да жинамаймыз. Не қыламыз жинап оны? Барлығымыз жалақымен өмір сүреміз. Бұл кісілерді мен ешқандай статьямен шығарған емеспін, олар өздері өз еркімен кеткен».
— Сізде қатаң сөгіс бар ма?
— Бар, иә алдым.
— Келісесіз бе оған?
— Келіспеймін, қайта-қайта апелляция бердім.
№4 мектептен шыққан бұл мәселелерді қалалық білім басқармасы жіті бақылауға аламыз деп отыр. Ал мектеп директорының айтуынша, мұғалімдерге міндетті жарна 31 қаңтарға дейін берілетін болды. Алайда білім ордасының басшысынан қысым көрдік деген бір топ ұстаз директордың жұмыстан кетуін талап етіп отыр.
Олжас Айдарбек