Құрсайда газ жарылып, бір отбасы баспанасыз қалды

182

Газ жарылған үйдің қазіргі сиқы осы. Терезелері шашылып, қабырғалары қақырайып қалған. Адам тұруға жарамсыз. Туысқандарының айтуынша, үйді кеше табиғи газға қосылған екен. Отағасы үйді жылыту үшін газ жақпақ болғанда жарылыпты. Жарылыс қуатынан бөлмелердің төбесі опырылған.

Аманбек БЕЙСЕМБАЕВ, Шымкент қалалық ТЖД бастығының міндетін уақытша атқарушы: «Тұрғын үйдің жалпы көлемі 120 шаршы метрді құрайды. Осы үйдің 30 шаршы метрге жуығы қираған. Үй жарамсыз жағдайда».

Сол кезде үйде болған үш адам түрлі жарақат алып, ауруханаға жатқызылды. Бет-жүзі мен аяқ-қолын күйік шалған. Дәрігерлердің айтуынша, бәрінің жағдайы бірқалыпты. Алдағы 15 күн шамасында ауруханадан шығады.

Мадина ЕРМАХАНБЕТОВА, Т.Орынбаев атындағы облыстық жоғарғы қысымды оксигенация орталығының бас дәрігері: «40 жастағы ер кісіде термиялық жалынмен өртенудің 1,2,3 дәрежесі. Беті, алақандары мен саусақтарының күюі. 37 жастағы әйел кісіде де сондай жарақат және 19 жасар қыз бала келді. Термиялық жалынмен күюдің 1,2,3 дәрежесі бірақ бетінде ғана жарақат бар».

Зардап шеккен отбасының туған-туысы «болған жайт үшін газ кіргізіп берген жеке компания жауап беруі керек», деп отыр. Ал баспанасынан айырылған отбасының балалары туған-туыстың үйінде тұрып жатыр.

Сабина СЕРІКҚЫЗЫ, зардап шеккен отбасының туысқаны: «Газды жеке компания жүргізген. Кеше телефонмен қалай қосылуы керек екенін ауызша айтқан. «Бірінші ауа шығарып кішкене күт деген, содан кейін барып қос», деген. Сол сәтте осындай жағдай болған. Оларды шақырғанда келмеген ба? Олар келмеген тек телеофнда инструкция берген. Әрине сотқа береміз. Өйткені маманы келіп келісімшартқа тұрған соң өзі қосуы керек еді ғой».

«2013 жылы тұрғызылған мына үйдің қазір жарылыстан сау тамтығы қалмаған. Ішіндегі жарамды заттары сыртқа шығарылып, үй жақын арада толықтай сүрілетін болады. Ал үйдің егелері жаңа баспанаға қоныстанғанға дейін, жатақханада тұруға мәжбүр».

Ғалымжан Кенжебек