Сыбайлас жемқорлыққа жол жоқ. Егер сізден медицина қызметкерлері ақша талап етсе, бірден шағымдануыңызға болады. Ол үшін ешқайда барудың қажеті жоқ. Ауруханада сіздің өтінішіңізге назар салатын арнайы қызметкерлер бар. 1 ай бойы жұмыс жасап жатқан мамандардың біліктілігін арттыру мақсатында алғаш рет конференция өтті. Мақсат — олардың міндеттерін нақтылап, жауапкершілікті сезіндіру.
Шымкент қалалық денсаулақ сақтау басқармасы комплаенс офицерлерін жасақтады. Сыбайлас жемқорлықпен күресу мақсатында жұмыс жасап жатқан бұл қызметкерлерге қала тұрғындары еркін жүгіне алады. Яғни, сізден дәрігерлер өз жұмыстары үшін ақша талап етсе, комплаенс қызметкерлеріне шағым түсіре аласыз. Сіздің пікіріңіз денсаулық сақтау басқармасында қаралып, антикорға жолданады. Ақ халатты абзал жанның ақша алғаны дәлелденсе, сот арқылы тиісті жазасын алады.
Бүгінде бұл мамандар қаламыздың барлық 36 медициналық мекемелерінде бар. 1 айдан бері жұмыс жасап жатқан олар тұрғындардың кез-келген шағымына құлақ түруге әзір. Сондай-ақ арнайы мамандардың жұмыс сапасын арттыру мақсатында алғаш рет конференция өтті. Белгілі болғандай бұған дейін біршама жемқорлық фактісі анықталған. Нәтиже жаман емес дейді басқарма басшысы.
Бақытжан Позилов, Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:
«Шымкент қаласында біз медициналық мекемелерде сыбайлас жемқорлықты толық жою мақсатында және сыбайлас жемқорлыққа күрес агенттігімен бірге жұмыс жасау барысында біз әр ауруханаға 1424 деп аталатын колл центр номерін ілдік. Қазір нәтиже өте үлкен.
Бұрында мысалы босану үйінде босанған кезде міндетті түрде науқастардың қанына сіңіп қалған. Дәрігерге, акушер-гинекологқа ақша бермесең, қарамайды деген үрдістің бәрі жойылды.
Дәрігердің егер ақша алғандығы анықталатын болса, оны ары қарай біз антикор қызметкерлеріне береміз, олар заң аясында оны зерделеп, тексеріп сотқа дейін жеткізіп жатыр».
Әр мекеме сыбайлас жемқорлықпен өздері күресуі керек. «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесіндегілер осылай дейді. Сондай-ақ бұл жобаны тек медицина мекемелерінде ғана емес, барлық оқу орындарына да енгізу жоспарда бар екен.
Қамбар Жәни, «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің басшысы:
«Әр мекеме сыбайлас жемқорлықпен күресті жүргізуі қажет. Осы мақсатта қазіргі таңда мынау 36 медициналық мекемелерде комплаенс қызметкерлері енгізілді.
Енді біздің тараптан қандай жұмыстар атқарылып жатыр. Тек қана медицина саласы енген жоқ бұл жерде. Спорт саласы бойынша спорт басқармасына қарасты барлық мекеме бұл институтты енгізді. Жаңағы комплаенс қызметін. Енді қазіргі таңда жоғарғы оқу орындарын қамтып жатырмыз. Бізде 9 ЖОО бар. Оның жетеуіне енгізіліп қойды. Енді осы айдың соңына дейін жақында толық ЖОО қамтимыз».
Медициналық мекемеде орналасқан жапсырмаларға назар салсаңыз, комплаенс қызметкерлерінің офисі қайда орналасқандығы көрсетілген. Не болмаса 1424 номеріне қоңырау шалып, ақ халаттыларға қатысты шағымыңызды айта аласыз.
Мөлдір Ибадуллаева