Шымкентте Алғыс айту күні атап өтілді. Қала әкімдігінде 1 наурыз алғыс айту күніне орай мерекелік іс-шара ұйымдастырылды.

Жиынға шаһар басшысы Мұрат Әйтенов қатысып, халыққа өз алғысын жеткізді. Эпидемиялогиялық ахуалға байланысты қаланың әр шетінен этнос өкілдері тікелей байланысқа шығып, қазақ халқына өз алғыстарын білдірді.

Бірлігі жарасқан тәуелсіз елдің әнұраны шырқалуда. Бір шаңырақ астында бас қосқан әр түрлі ұлт өкілдерінің ынтымағы бүгінгі мерекеде көрініс тапты. Аталған шарада Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына орай 30 түрлі этнос өкілдері тікелей байланысқа шықты. Жерлестеріміз қазақ халқына ризашылықтарын білдіріп, ән мен күйден шашу шашты.

Павель Ким, Шымкент қаласының тұрғыны: «Алғыс айту күнімен шын жүректен құттықтаймын. Мен Қазақстан азаматы, Шымкент қаласының тұрғыны Павель Ким. Мен өз отанымды жақсы көремін, менің достарым өте көп. Қазақ, орыс, өзбек, әзербайжан, түрік. Әр түрлі ұлт өкілдері бар. Бірақ біз бір отан азаматымыз. Қазақ еліне алғысымды білдіремін. Қазақ еліне мың алғыс».

Ізгі ниетін білдіріп жатқан әр азаматқа қала әкімі де өз алғысын жеткізді. Айтулы мерекенің маңыздылығын түсіндірген шаһар басшысы еліміздің жетістіктері халықтың бірлігінің арқасында екенін тілге тиек кетті. Сондай-ақ, бұл күнді қиын кезеңдерді басынан өткерген еліміздің барлық азаматтарының бір-біріне құрмет күні деп атады.

Мұрат Әйтенов, Шымкент қаласының әкімі: «Ақ жүректен, адал ниеттен шыққан алғыс барша игіліктің бастауы, бекем бірліктің арқауы. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күні 1 наурызды Алғыс айту күні етіп белгілеуінде осындай терең мәні бар. Міне, содан бері бұл мереке өмірімізге нық еніп, ізгі дәстүрге айналды. Ел халқының ынтымағын арттырып, ауызбіршілігін нығайта түсуге қызмет етіп келеді».


Бұл мерекеде түрлі этнос өкілдері қонақтарға алғыс ретінде ұлттық тағам құрт үлестірді. Айтуларынша, олар өз ықыластары мен алғыстарын осылай жеткізгісі келіпті. Бұл шара қаламыздың тұрғындар көп шоғырланған алаңдарында да жалғасын тапты. Ал, қалалық әкімдікте өткен мерекелік кеш соңы башқұрт этносының өкілі шырқаған Шәмшінің әнімен аяқталды.

 

Мөлдір Ибадуллаева