Ғарышкерлер күні қарсаңында Шымкенттегі Ю. Гагарин атындағы №34 мектепте шахмат бұрышы ашылды. Жоғары интеллектуалдық спорт түрі шахмат ойынын үйрену мүмкіндігін оқушыларға аталған мектептің түлегі, Шымкент қалалық мәслихаттың депутаты Айжан Наимбекова сыйлады.

Сол жақта Айжан Наимбекова, оң жақта Роза НАРБАЕВА

Түлеп ұшқан білім ошағымен байланыс үзбеген түлектер үлкен өмірге жолдама берген сүйікті мектептеріне тарту жасауды ұмытпаған. Білім ұясының 60 жылдық мерей тойына орай қалалық мәслихат депутаты Айжан Наимбекова кезекті рет демеушілік көрсетті. Ғимараттың бірінші қабатында шахмат бұрышы ашылды. 4 сынып оқушысы Бибінұр Әмзе шахмат ойынының қыр-сырын үйренуге, жарыстарға қатысуға мүмкіндік сыйлағандарға алғысын жеткізді.

Балалардың қуанышымен Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан, қалалық мәслихат депутаттары Айжан Наимбекова мен Әйгерім Жұмағұлова, сонымен қатар білім ордасының өзге де түлектері бөлісті. Олар шахмат ойнау оқушылардың есте сақтау және жылдам ойлау қабілетін жақсартып қана қоймай, табандылыққа үйретеді дейді.
Шыңғыс МҰҚАН, Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары: «Шымкентте бастауыш сыныптарында шахмат ойынын енгіздім. Дене шынықтыру сабағы бір аптада бес күн болса, бір күн шахмат үйренеді. Қазақстанда бірінші рет енгізіліп отыр. Министр ертерек айтпадыңыз ба, республика деңгейінде енгізетін едік қой деді. Әрине, нәтиже қазір емес,  5 -10 жылдан кейін береді. Балалардың үлгерімі жақсарады, ойлау, талдау жасау қабілеті артады. Әрбір спорт ойындары табандылыққа үйретеді».

Ең бастысы «Оңтүстік» шағын ауданында тұратын балалар шахмат ойнауды қала орталығына сабылмай, енді өздері оқитын мектепте үйренетін болды.
«Демеушіміз өзі осы мектептің түлегі Айжан Ізбасханқызы Наимбекова, біздің мектептегі кіре берістегі фойені жөндеп безендіріп, рәміздер бұрышын да жасап берді. Сонымен қатар, өз қаражатына соңғы үлгідегі заманауи шахмат клубын ашып, демеушілік жасады. Бұрын балаларымыз басқа жерге баратын, енді өзімізде бұрыш ашылып, осында шахмат ойнауды үйренеді»,-дейді Ю.Гагарин атындағы №34 мектеп директорының міндетін уақытша атқарушы Роза НАРБАЕВА.

Бұдан бөлек, қонақтар өзге де спорт ойындарымен айналысатын оқушылардың жеткен жетістіктеріне куә болды. Сонымен қатар, білім ордасының ауласына қылқан жапырақты ағаштар отырғызды.

 

Шынар Оразова