№34 мектептің мұғалімдері директордың орнынан кеткенін талап етеді

1121
Ұстаздар. Мұғалімдер жиналысы
Мұғалімдер жиналысы

Білім күні басталғаны сол екен, тек оқушылар мен ата-аналар ғана емес, педагогтар да дау көтеріп үлгерді. Шымкенттегі № 34 мектептің ұжымы директор Жанат Қалтаеваның қызметінен кетуін талап етіп отыр.

Даурыққан топтың сөзіне сенсек, басшы жұмыс уақытында ұстаздарды жеке басының мәселесімен жиі жұмсайды екен. Бұл аз дегендей, мектепке келген комиссия үшін де мұғалімдердің қалтасын қағады деп ашынады педагогтар қауымы.

Ұстаздар. Мұғалімдер жиналысы
Мұғалімдер жиналысы

 

Зұлпыхар Жайшыбеков, №34 мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары: «Өсек-аяң, жұмысқа кешігіп келу, түскі ас уақытында орынбасары немесе өзге де мұғалімдерді тамаққа жұмсайды, ал оның ақшасын да өздеріне төлетеді. Мұндай басшы бізге керек емес! Орнынан кетсін!»

№34 мектепте 19 жылдан бері директордың орынбасары қызметін атқарып келген Зұлпыхар Жайшыбеков өз басшысының жеке шаруалары мезі еткенін жасырған жоқ. Сөзіне сенсек, ұстаздардың негізгі жұмысына кедергі жасайды. Ашынған педагогтар енді директордың орнын босатуын кезекті рет талап етті.

Шахноза Атажанова
Шахноза Атажанова

Шахноза Атажанова, №34 мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары: «Ең басты мәселе – ол мектептегі үздіктіз қаржы жинау. Комиссия тексеруге келсе де, сырттан қонақтар келсе де 15 мың теңгеден ақша жинаймыз. Бұл – апта сайынғы дәстүр. Аттестацияда да біліммен емес, теңгемен өтумізді талап етті. Амалсыз ақша жинаймыз, бірақ 2 рет аттестациядан сүріндік. Сонда жинаған ақша қайда кетті? Ол меймандардың жатын орны, тамағы, барлығына дейін біз көтереміз. Бұл аз дегендей, баршамыздан тағы да ақша жинады. Біліктілік жөніндегі санаттарыңды жоғарылатамын деп, менің қолымнан 35 мың теңгені санап алды. Енді санат та, ақша да жоқ, оны қайтарған да жоқ! Мен оның жеке жүргізушісі болдым ғой тағы, әйтпесе жұмыстан шығарамын деп мені бопсалады. Енді орнынан кеткенін қалаймыз!»

Зухра Нажиметова, №34 мектептің кәсіподақ комитетінің төрайымы: «Таусылмайтын ақша жинау. Оның жеке шаруаларымен жүгіреміз деп ұстаздар оқушыларға сабақ өтуден қалды. Қайдағы? Оған уақыт жоқ, масқара ғой бұл!»

Ал мектеп директоры Жанат Қалтаева бұл орынтаққа отырғанына тек 1 жыл болғанын айтады. Бұл уақыт ішінде ұжымда ешқандай ауыс-түйіс орын алмаған деген уәжін жеткізді. Ал аттестация мектепте заңсыз жүргізілгенін мойындады.

Жанат Қалтаева
Жанат Қалтаева

Жанат Қалтаева, №34 мектептің директоры: «5 жылда бір рет келетін аттестация бұл. Ал мен 5 айда келіп отырғаннан кейін, аз уақыттың ішінде мектептің білім дәрежесін көтеремін деп уәде берген жоқпын. Сөз де берген жоқпын еш жерге. Ал аттестацияға ақша жинау жағынан менің хабарым жоқ, орынбасарларым жинаса, жиған шығар, бірақ оған менің қатысым жоқ. Одан кейін ешкімді ешкім тасыған жоқ. Келді комиссия, өтірік еме,с бір түскі асымызды бердік мектеп асханасынан. Комиссия құрамында басқа аудандардан мұғалімдер болды, енді олар аудандарына сол күні қайтпайды ғой? Өтірік емес, үйі осы мектептің маңында жақын орналасқан бір педагогымыздың үйінде қондырдық.»

Ал қалалық білім бөлімі өкілдерінің сөзіне сенсек, №34 мектеп директорының ісі, тіпті, сот қарауында болған. 11 маусым күні қызметінен босаған басшы 1 қыркүйек күні орнына ың-шыңсыз қайта жайғасыпты.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=8sVem5ngPo4[/youtube]

Ғабит Нысанов, қалалық білім бөлімі басшысының орынбасары: «Негізі, Жанат Қалтаеваның орнына қайтып келгенін біз де құп көріп отырған жоқпыз, бірақ сот шешіміне қарсы келе алмаймыз. Бір мұғалім айтып отыр – директор мектептің еденін де ешкімнен сұрамай беріп жіберген. Басшы мемлекеттік мүлікті ұрлаған ғой сонда? Бұл жөнінде қазіргі уақытта Еңбекші полиция бөліміне шағым түскен, қазір іс қаралып жатыр».

Енді №34 мектептің педагогтары директор орнынан өз еркімен кетпесе, білім және ғылым министрлігіне арыздануға әзірміз деп отыр.