Түркістан: 12 Қоғамдық кеңес сайлауалды бағдарламаны орындауға үлес қосады

54

Түркістанда «Nur Otan» партиясының облыстық филиалы Саяси кеңесі бюросының мәжілісі өтті. Мәжіліске Түркістан облысының әкімі, партияның облыстық филиалының төрағасы Өмірзақ Шөкеев төрағалық етті.

Күн тәртібінде 3 мәселе қаралды. Соның бірі «Nur Otan» партиясының өңірлік филиалы жанынан 12 қоғамдық кеңес құрылғаны жайлы болды. Қоғамдық кеңестің құрамына өңірге, республикаға танымал, іскер, отаншыл 128 азамат енді.

Бейсен ТӘЖІБАЕВ, «Nur Otan» партиясының Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары: «Бұл қоғамдық кеңеске негізінен белді, белсенді беделді азаматтар жетекшілікке және мүшелікке қабылданып отыр. Осы құрылған қоғамдық кеңестер сала-сала бойынша «Нұр Отан» партиясының сайлауалды бағдарламасының өңірдегі атқару жұмыстарын қадағалап және тиісті мәселелер болса талқылап, қажетті жауапты органдармен бірлесе шешу бағытында жұмыс жүргізетін болады. Бұл жерде осы өңірдегі ең белсенді осы саланы білетін кәсіби мамандардан осы қоғамдық кеңес мүшелерін қалыптастырып отырмыз».

Жалпы бұған дейін Түркістан облысы бойынша партия филиалдары жанынан 146 қоғамдық кеңес құрылған. Оның 12-сі облыстық партия филиалы жанынан құрылса, қалған 134-і аумақтық филиалдарда жұмыс істейді. Жиын соңында ​облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев Түркістан облысын дамыту бағытындағы жұмыс қарқынын бәсеңдетпеуді тапсырды.

Мөлдір Ибадуллаева