Жеңіс күніне орай, Ұлы Отан соғысында ерлік танытқан ардагерлерімізбен өздеріңізді таныстыруды жалғастырамыз.
Алексей АНДРЕЕВ, Ұлы Отан соғысының ардагері: «1949 жылдың қазан айының 18-ші жұлдызы. Литвадағы хуторлардың біріне жақындағанымызда бір адам орманға қарай қашты. Сарбаздардың бірі «бандит кетті» деген сөзін ести салып, мен етігімді шешіп, жалаң аяқ ізіне түстім. Ойым жауды жіберіп алмау. Ұстадым. Кейін қаруластарым етігімді, шұлғауымды жеткізді. Сол жылдар көз алдымда».
1948 жылы әскерге шақырылған Алексей Семенович мемлекеттік қауіпсіздік министрілігіне қарасты полкте қызмет етіп, кіші сержант шенінде әскери қызметті аяқтапты. 1951 жылдың соңында елге оралған білікті маманды ішкі істер органдарына жұмысқа шақырған екен. «Сұрапыл жылдар менің өміріме жеткілікті деп бармадым»,- дейді майдангер. 2000 жылдары зейнетке шыққан ардагер отбасының қамқорлығында.
«Бойымдағы күш ұлым мен немерелерімнен» деген ардагер жерлестерін алдағы келе жатқан мерекемен құттықтап, амандық тіледі.
Алексей АНДРЕЕВ, ҰОС ардагері: «Әрбір адам отбасында аман болсын, дәулетті, берекелі болсын. Бір-бірлеріңе жылы сөз айтып, қамқорлықтарыңды аямаңдар. Әсіресе қарттарға ерекше көңіл бөліңдер. Олар – әулеттеріңнің қазынасы. Бейбіт өмірдің қадірін бағалаңдар».
Шынар Оразова