Жайылым жер тапшы: Тұрғындар депутаттан көмек сұрады

115

Абай ауданы тұрғындары көп жылдары бір мәселені шеше алмай дал. Олардың айтуынша Жаңа талап тұрғын алабында малды жайылымға шығара алмауда. Бұл мәселемен адамдар қалалық мәслихат депутаты Әйгерім Жұмақұловаға жүгінді.

Заңдастырылып, бірақ пайдаланылмай жатқан жерлерді жайылымға беруді өтінуде.
Жанаталап тұрғын алабы ақсақалдарының пайымдауынша бұл жерлерді ешкім пайдаланбайды.Қоршалған оншақты гектар жерлер көп жылдардан бері бос жатыр. Бұрындары сиыр мен жылқылар жайылған жер алқаптары жекенің қолына өткен. Жайылым жерсіз адамдар нәпақасыз қалмақ. Өйткені бұл осындағы отбасылары үшін жалғыз күн көріс көзі.
Абдулла БАХАДЫР, Шымкент қаласының тұрғыны: «Қараңдаршы қаншама жер бос жатыр, ал біз болсақ малымызды жайылымға шығара алмаймыз. Біз осы жерлерде бізге беруді сұранамыз, бәрібір олар ештеңе отырғызып жатқан жоқ. Жерлерді қоршап алған, болды. Президенттің өзі айтты ғой, «кімде кім алған жерлерін мақсатты пайдаланбаса мемлекет қайтарып алуы керек» деп».

Жер қатынастары басқармасындағылар қалалықтарға өтініш жазуға кеңес берді. Заң бойынша егер де заңдастырылған жер телімдері мақсатсыз не мүлдем пайдаланылмаса, онда мемлекет ол жер алқаптарын алуға толық құқылы.

Асқар ЖҰМЫШИЕВ, Шымкент қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының өндірістік бөлім басшысы: «Бос жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтару үшін тұрғындар біздің басқармаға арыз беруі тиіс. Біз сіздердің арыздарыңызды сотқа жібереміз. Егерде сотта жекеменшіктегі жерлер мақсатсыз не мүлдем пайдаланылмай жатқаны анықталса, онда ол жер алқаптары мемлекетке өтеді».

Жаңаталаптықтар бұл мәселенің оң шешілуіне халық қалаулысы ықпал жасайды деген үмітте. Сондай -ақ, олар депутатттан елдімекен арасымен өтетін каналды тазалауға көмек көрсетуін сұранды. Депутат Әйгерім Жұмақұлова өтініштерді мемлекеттік органдарға және Шымкент қаласының әкіміне жеткізуге уәде берді.

Шынар Оразова